Тұмау тиіп ауырған тұрғындар күрт көбейді
Қазақстанда ЖРВИ-дің 205 мыңнан астам жағдайы тіркелді
Мамандардың мәліметінше, 2026 жылдың шілде айының соңынан қыркүйек айының басына дейін Қазақстанда жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 205 231 жағдайы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен маусымның сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,2 пайызға төмен.
Ауырғандардың жартысынан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың үлесіне барлық жағдайдың 57,3 пайызы, яғни 117 538 науқас тиесілі. Оның ішінде 12 760-ы – бір жасқа дейінгі сәбилер.
Мамандардың айтуынша, 2025–2026 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда жүргізілген зертханалық мониторинг тұмау емес респираторлық вирустардың ішінде риновирустардың жиі анықталғанын көрсетті.
Риновирустар – кәдімгі суық тию мен ЖРВИ-дің ең көп таралған себептерінің бірі саналатын вирустар тобы. Олар негізінен жоғарғы тыныс жолдарын, яғни мұрын мен тамақты зақымдайды. Суық тию жағдайларының басым бөлігін дәл осы риновирустар қоздырады.
2025 жылдың шілде айының соңынан қыркүйек айының басына дейін риновирустар зертханалық түрде расталған барлық оң нәтиженің 37,8 пайызын құраған.
Одан кейінгі орындарда:
-
коронавирустар – 18,9 пайыз;
-
аденовирустар – 17,6 пайыз;
-
парагрипп вирустары – 14,9 пайыз;
-
бокавирус – 6,8 пайыз;
-
РС-вирус – 4,1 пайыз.
Бұл ретте мамандар айналымдағы вирустардың құрамы апта сайын өзгеріп отырғанын атап өтті.
Қазақстанда тұмау мен коронавирусқа қатысты жағдай қандай?
Қазақстанда SARS-CoV-2, яғни COVID-19 ауруын тудыратын вирустың айналымы әлі де сақталып отыр. Алайда мамандар коронавируспен ауру деңгейі төмен екенін айтады.
Осы жазда дәрігерлер COVID-19 жағдайларының саны артқанымен, зертханалық түрде расталған жағдайлардың өте аз болғанын атап өтті. Атап айтқанда, маусымда – 8, шілдеде – 10, тамызда – 14 жағдай тіркелген. Қыркүйекте көрсеткіш төмендеп, 8 жағдай анықталған.
«Яғни, қазір COVID-19-дың айқын эпидемиялық көтерілуі байқалмайды», – деп атап өтті мамандар.
Жаңа эпидемиологиялық маусымда Қазақстанда тұмау жағдайлары да әзірге тіркелген жоқ. Дегенмен мамандар қазір тұмаудың анықталмауы алдағы апталарда вирус пайда болмайды дегенді білдірмейтінін ескертеді. Осыған байланысты зертханалық және эпидемиологиялық бақылау жалғасып жатыр.
Дәрігерлер респираторлық инфекциялардың қауіп тобына жататын адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін екенін еске салады.
«Бір қарағанда қарапайым көрінетін респираторлық инфекцияның өзі қауіп тобындағы адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін», – деп ескертті мамандар.













