Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы лауазымына сайланды
Бүгін бас қалада өткен Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы ұйым Төрағасы лауазымына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды, — деп хабарлайды Fastnews.kz ақпараттық сайты.

– Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті, бұл жұмысты абыроймен атқарды. Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты. Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасына мұқият назар аударып, қолдайсыздар деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңес мүшелерінің дауыс беруі арқылы Ерлан Жақанұлы Қазақстан Халық кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ол бұған дейін ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы қызметін атқарған еді.
Ол 1962 жылы Қарағанды облысында туған. 1984 жылы – Қарағанды политехникалық институтын, 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
Институтты бітіргеннен кейін Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесары, шебері болып жұмыс істеген.
1988-1990 жылдары – Қазақстан ЛКЖО Жезқазған облыстық комитетінің жұмысшы және ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы, жастардың әлеуметтік-экономикалық проблемалары бөлімінің меңгерушісі.
1990-1995 жылдары – Жезқазған облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, төраға орынбасары, төрағасы.
1995-1999 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.
1999-2001 жылдары – Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі.
2001-2003 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі.
2003-2006 жылдары – Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі.
2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы.
2007-2012 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі өкілі.
2012-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы.
2017-2019 жылдары – Қарағанды облысының әкімі.
2019-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы.
2022 жылғы 1 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы болып сайланды.
«AMANAT» партиясының Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі Фракция жетекшісі.
2022 жылғы 26 сәуірде «AMANAT» партиясының төрағасы болып сайланды.
І дәрежелі «Барыс» (2021), «Парасат» (2013), «Құрмет» (2007) ордендерімен және мерекелік медальдармен марапатталған.
Қазақ, орыс, неміс тілдерін меңгерген.












