Ардагерлерді ардақтайық: Белсенділер ардагерге құрмет көрсетті
1 қазан – Қарттар күні қарсаңында «Әділет» партиясы Қызылорда қалалық филиалының төрағасы Гүлшат Мұсаева мен қалалық мәслихат депутаты Рүстем Ізтілеуов «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында жалғыз тұратын ардагер Гүлжамал Жомартованың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Ардагерге партия атынан сыйлық табысталып, жылы лебіздер айтылды. Ал «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қарияның ауласын тазалап, үй шаруасына көмектесті.

Гүлшат Мұсаеваның айтуынша, аға буынға құрмет көрсету тек мереке қарсаңында емес, тұрақты түрде жалғасуы тиіс.
«Қарияларымыздың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі – кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында үлкендердің жағдайын сұрап қана қоймай, қажет кезінде нақты көмек көрсетуге басымдық береміз. Әсіресе жалғыз тұратын қарттарға көңіл бөліп, тұрмыстық мәселелеріне қолғабыс ету маңызды. Жастардың үлкендермен етене араласып, олардың ақыл-кеңесін тыңдауы да – ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын жақсы дәстүр», – деді Гүлшат Мұсаева.
Өз кезегінде Гүлжамал Жомартова көрсетілген қамқорлыққа ризашылығын білдірді. Ардагердің айтуынша, партия өкілдерінің жастарды ертіп келіп, күнделікті шаруасына көмектескені көңіліне қуаныш сыйлаған.
«Әділет» партиясының азаматтарына алғысымды білдіремін. Жағдайымызды біліп қана қоймай, жастарды ертіп келіп, үй шаруасына көмектесті. Ауланы тазалап, үйдің жұмыстарын реттеуге қолғабыс етті. Осындай көңіл бөліп, үлкендерді ұмытпай жүргендеріңізге рақмет. Жастарға айтарым – білімге құштар болып, өмірде өз жолдарыңды табыңдар. Үлкеннің батасын алып, жақсыдан үлгі алыңдар. Алдарыңнан әрдайым жақсы адамдар жолықсын, – деді Гүлжамал Жомартова.
Қарияның ақ тілегін алған жастар да өз кезегінде үлкенге құрмет көрсетудің маңызын атап өтті. Мұндай кездесулер аға буынға көңіл бөліп қана қоймай, жастарды ізеттілікке, қамқорлыққа және жауапкершілікке тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясындағы бастаманың мәні де осында. Үлкеннің хал-жағдайын сұрап, қажет кезде қол ұшын созу – құрметтің нақты көрінісі. Ал қарияның ризашылығы мен ақ батасы – осындай игі істің ең үлкен бағасы.













