Жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын түсіндіру және азаматтық жауапкершілігін арттыру мақсатында қала әкімдігі мен қалалық прокуратураның ұйымдастыруымен «Заң. Тәртіп. Жауапкершілік» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.

Іс-шараға қала прокурорының орынбасары Ерлан Алмаханов, танымал журналист Руслан Өтепбай, қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Мейірбек Даубалаев және танымал жайдарманшы, блогер Асылхан Дүкенбаев қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастырып, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау және әр азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру.

Шара барысында заң алдындағы жауапкершілік, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықтық сауаттылық, азаматтық ұстаным және ақпараттық кеңістіктегі мәдениет мәселелері кеңінен талқыланды. Спикерлер өз салаларындағы тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға күнделікті өмірде заң нормаларын білу мен сақтаудың маңызын түсіндірді.

Кездесудің негізгі спикері, журналист Руслан Өтепбай кәсіби қызметі мен журналистік зерттеулер барысында кездескен мәселелерге тоқталып, ақпаратты дұрыс қабылдау, деректі саралау және қоғамдағы өзекті мәселелерге азаматтық тұрғыдан қарау жөнінде ой бөлісті.

Ал құқық қорғау және адвокатура саласының өкілдері заң алдындағы жауапкершілік, құқық бұзушылықтың салдары және азаматтардың өз құқықтарын білуінің маңызы туралы нақты мысалдар келтірді.

Жастар үшін еркін пікір алмасу форматында өткен кездесудің тағы бір ерекшелігі – қатысушылардың спикерлерге тікелей сұрақ қоюына мүмкіндік берілгені. Жастар өздерін толғандырған құқықтық және қоғамдық мәселелер бойынша сауалдарын жолдап, мамандардан нақты жауаптар алды.

Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы өз орны мен азаматтық жауапкершілігін терең түсінуіне ықпал етеді. Заңды білу, тәртіпті сақтау және өз әрекетіне жауап бере білу – қауіпсіз әрі жауапты қоғам қалыптастырудың маңызды негіздерінің бірі.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *