Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі
Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осы бағытта нақты тапсырма берді-, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Мемлекет басшысының мәліметінше, жаңа шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Олардың қатарында бюджет саласында жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкер бар. Ай сайын 85 мың теңге жалақы алатын азаматтар үшін бұл табыстың белгілі бір деңгейде артуына мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 2027 жылдан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін учаскелік мамандардың жалақысы да қайта қаралмақ. Дәрігерлерге 40 пайызға дейін үстемеақы төлеу көзделген. Алайда бұл төлем барлық медицина қызметкеріне бірдей берілмейді. Үстемеақы көлемі мамандардың үздіксіз еңбек өтіліне қарай есептеледі. Жалпы, бұл өзгерістер 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды деп күтілуде.
Ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып келеді. Инфляция мен күнделікті тұтыну тауарлары бағасының өсуі жағдайында 85 мың теңге көптеген азаматтың негізгі қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан жалақыны арттыру туралы шешім халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту тұрғысынан маңызды.
Дегенмен, мұнда бір маңызды мәселе бар. Жалақының өсуі 2027 жылға жоспарланған. Ал осы уақытқа дейін баға өсімі жалғаса берсе, ең төменгі жалақыны 100 мың теңгеге жеткізу күткен нәтижені бермеуі мүмкін. Өйткені номиналды табыстың артуы азаматтардың нақты сатып алу қабілеті де жақсарады дегенді білдірмейді.
Сондықтан Үкімет үшін жалақыны көтерумен қатар инфляцияны тежеу, азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарлардың бағасын тұрақтандыру да маңызды міндет болып қала береді. Әйтпесе, 2027 жылы белгіленетін 100 мың теңгенің сатып алу қабілеті бүгінгі 85 мың теңгеден айтарлықтай жоғары болмауы ықтимал.

Коллаж: Ашық дереккөз












