Ұшақта бомба бар деп әзілдеу немесе әуежайға жалған қауіп туралы хабар беру біреуге ермек көрінуі мүмкін. Алайда мұндай әрекеттің салдары оңай емес. Бір ғана жалған хабар рейстің кешігуіне, жолаушылардың эвакуациялануына, арнайы қызметтердің жұмылдырылуына себеп болады. Ал мұндай «әзіл» үшін Қазақстанда бес жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі бар.

Жақында Астанада Мәскеуден ұшып келген ұшақ бортында бомба бар деген хабар түскен соң, әуе кемесі тексерілді. Бірақ жарылғыш зат табылған жоқ. Соған қарамастан, полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қандай жаза қарастырылған?

Қазақстанда мұндай әрекет Қылмыстық кодекстің 273-бабы – «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша қарастырылады.

Аталған бапқа сәйкес, құқық бұзушыға 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. 2026 жылы бұл – 21 миллион 625 мың теңге. Сондай-ақ осы мөлшерде түзеу жұмыстары, бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген.

Яғни адам ұшақта бомба бар екенін біле тұра жалған хабарласа, оның «жай ғана әзілдегені» жауапкершіліктен құтқармайды.

Жай әзіл мен қылмыстық жауапкершіліктің арасы

Мұнда адамның әрекеті мен ниеті маңызды. Егер ол жоқ қауіпті біле тұра хабарлап, арнайы қызметтерді әдейі жалған ақпаратпен әуре етсе, бұл қылмыстық жауапкершілікке негіз болады.

Ал әрекет Қылмыстық кодекстің 273-бабына жатпағанымен, қоғамдық тәртіпті бұзса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы – «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл бап бойынша 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге) айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақ қарастырылған.

Жалған хабардың шығынын кім өтейді?

Көпшілік мұндай жағдайда айыппұлмен ғана құтыламын деп ойлауы мүмкін. Алайда жалған хабардың салдары қаржылық шығынмен де аяқталуы ықтимал. Мәселен, әуе компаниясы рейсті тоқтатуға немесе кейінге шегеруге мәжбүр болады. Әуежайдың қауіпсіздік қызметі, полиция, арнайы мамандар жұмылдырылады. Кейде жолаушыларды эвакуациялап, әуе кемесін толық тексеруге тура келеді.

Егер жалған хабар таратқан адамның кінәсі дәлелденіп, оның әрекеті мен келтірілген залалдың арасындағы себеп-салдарлық байланыс анықталса, әуе компаниялары, әуежайлар мен арнайы қызметтер құжатпен расталған шығынды өтеуді талап ете алады. Демек, кінәлі адамға қылмыстық жаза ғана емес, рейсті тексеру, эвакуация және басқа да шығындарды өтеу міндеті жүктелуі мүмкін.

Жолаушылар күдікті зат байқаса не істеуі керек?

Мамандар күдікті затты өз бетінше тексеруге немесе оған қол тигізуге болмайтынын ескертеді. Мұндай жағдайды бірден ұшақ экипажына, әуежайдың қауіпсіздік қызметіне немесе полицияға хабарлау қажет.

Ал эвакуация туралы нұсқау берілсе, қызметкерлердің талабын орындап, көрсетілген бағытпен ғимараттан немесе әуе кемесінен шығу керек. Сондай-ақ тексерілмеген ақпаратты әлеуметтік желіде таратып, дүрбелең туғызбаған жөн.

Бір сәттік қалжың бір рейстің ғана емес, жүздеген адамның жоспарын бұзуы мүмкін. Сондықтан бомба, терроризм немесе басқа да қауіп туралы жалған хабарды әзілге айналдыруға болмайды. Заң алдында мұндай әрекеттің салдары өте ауыр.

Фото: AI көмегімен жасалды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *