Қызылордада полиция ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Уақыт талай белесті артта қалдырғанымен елге сіңірген адал еңбектің ізі ешқашан өшпейді. Өмірін Отанға қызмет етуге арнап, бейбіт күннің берекесі мен қоғам тыныштығы жолында тер төккен ардагерлер – құрметтің де, қошеметтің де ең лайықты иелері. Олар – талай буынға жол көрсеткен тұлғалар, өнегесімен ұрпақ тәрбиелеген өмір мектебі. Ақыл-парасаты мен бай тәжірибесі кейінгі буынға бағыт-бағдар беретін ардагерлерге тағзым ету – елдік дәстүрдің асыл көрінісі.
Қызылорда облысы Полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің күніне орай «Өнегелі өмір – ұрпаққа аманат» атты салтанатты іс-шара өтті.

Бүгінде өңірде 13 ардагерлер ұйымы жұмыс атқарып, олардың құрамында 2 200 зейнеткер мүше ретінде тіркелген. Бұл – ішкі істер органдары ардагерлерінің арасындағы ынтымақ пен өзара сабақтастықтың айғағы.
Мерекелік жиында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы сөз сөйлеп, саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған ардагерлерді мерекемен құттықтады. Ол ардагерлердің қоғам тыныштығын сақтау мен құқықтық тәртіпті нығайту жолындағы еселі еңбегіне тоқталып, олардың өмірлік тәжірибесі мен қызметтік өнегесінің жас буын үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Салтанатты рәсімде ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып, бүгінде зейнет демалысына шыққан бірқатар ардагерлер Ішкі істер органдарының және Ұлттық ұлан ардагерлерінің Қазақстандық ұйымының төрағасы милиция генерал-майоры Болсамбеков Өмірзақ Қоспанұлының бұйрығымен «Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері» төсбелгісімен және Департамент бастығының Алғыс хатымен марапатталды.

Ардагерлерге деген құрметтің ерекше белгісі ретінде Әлиев Төлеш,Рахимов Тастемір Сауранбайұлы, Қозыбаев Есентай ағайларымызға және Жарылқасынова Кенжетай апайымызға қазақы дәстүрмен иықтарына шапан жабылып, арнайы марапаттары табысталды. Бұл – елге сіңірген еңбекті бағалап, аға буынға көрсетілген айрықша құрметтің жарқын көрінісі.

Шара аясында көпшілік назарына тағы бір тағылымды жаңалық ұсынылды. Атап айтқанда республикалық детектив шығармалар арасында V рет өткен байқаудың үздік шығармалар жинағы «Шытырман – 2» кітабының салтанатты тұсаукесері өтті. Кітаптың тұсауын Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы кесті.

«Шытырман – 2» жинағы – қылмыс пен оқиғаның сырын ашуға құрылған қызықты сюжеттер арқылы оқырманды ойлануға жетелейтін, отандық әдебиеттің детектив жанрындағы ізденістерін танытатын туындылар топтамасы.
Саналы ғұмырын ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арнаған аға буынның еңбегі әрдайым құрметке лайық. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен мол мұрасы жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қызметтік адалдық пен отансүйгіштіктің өнегесі болып қала бермек.












