Тартылған Аралдың табанында не қалды? Желді күні ұшқан құм, тұзды дауыл. Бұта жоқ, ал жерден нәр алар өскін болмаған соң кейбір табиғат тағылары бұл жақтан әлдеқашан ауып үлгерген. Экологиялық ахуалды нашарлатып, халық теңселген сол өткен ғасырдың 80-90-шы жылдардағы жағдай жергілікті халықтың есінде. Ал кейінгі жылдары…

Расымен құрғаған ұлтаннан ұш­қан құмды дауыл ұзындығы 400, көлденеңнен 40 шақырым қа­шықтыққа дейін алатынын зерт­теушілер талай жазды. Ал радиусі – 300 шақырым. Жалғыз біздің мем­лекет емес, жал­пақ әлемге қауіп әкелген Арал траге­диясын шешу тәуелсіздіктің бастапқы жылдары қолға алынды. Өйткені, әлем ға­лым­дары дабыл қа­ғып, теңізден ұш­қан улы тұздың Антрак­тиданың мызғымас мұзын ерітіп жатқанына дейін айтты емес пе?!

Егемендік алғалы Аралды құт­қару, «Кіші Арал» жобасы сын­ды бағдарламалар қолға алынды. Нә­ти­­жесі жаман емес. Кейінгі жыл­­дары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тегеурінді тапсыр­ма­сы­мен бірқатар іс оңғарылды. Ол – теңіздің құрғаған табанына 1,1 млн гектар орман екпелерін отыр­ғызу. Аталған жоба 2021-2025 жыл­­дары орындалу керек бол­ған. Бір белгілісі, құрғаған ұлтан аймағы – 6 млн гектар болса, оның Қа­зақстандағы бөлігі 2,8 млн гектар. Ал өзбекстандық бөлігі біз­­­­ге қарағанда ертерек құрғаған. Осы­­ған байланысты Аралдың осы аймағында орман өсіруге жа­рам­ды то­пырақтың түзілуі ерте бас­талып, бүгінде ол жақта орман мелио­рация­лық шаралар ауқымды жүріп жатқаны рас.

– Аралдың деңгейі 1968-1990 жыл­дар аралығында негізгі жаға­лаудан 100-150 шақырымға дейін қай­тып, бұрынғы су жатқан ұлтан жа­лаңаш­танып, тұзды шаң мен құм пайда болды. Ондағы тұз, құм көш­­кіндерін тоқтату, экологиялық ахуал­ды жақсартуда бүгінге дейін біраз жұмыс атқарылды. Мемлекет бас­шысының тапсырмасын іске асыру бағытында салалық ми­нистр­­лікпен арнайы штаб құрылған еді. Жұмысты жүргізуге Жол кар­тасы жасалды. Жалпы 2021-2026 жыл­­дары  аумағы 1 млн 120 мың гек­тар­дан астам ор­ман мелио­ра­ция­­лық жұмыс жүрді. 2376,4 тонна сек­сеуіл мен галофитті өсімдіктер тұ­қымы себіліп, 55,2 млн көшет отыр­ғы­зыл­ды, – дейді облыс­тық ор­ман шаруа­шылығы және жа­­нуар­­лар дү­ниесі аумақтық инс­пек­­ция­сының бас­шысы Марат Нұрмағамбетов.

Инспекция басшысының сө­зінше, орман екпелерін жүргізуге 61 арнайы техника (38 трактор, 11 жүк автокөлігі, 4 жанармай тасымалдаушы, 3 вах­талық автобус, 2 бортты «КамАЗ» көлігі, 2 авто­цистерна, 1 экскаватор) және 112 қосымша техника (50 көшет отырғызу, тұқым себу агрегаттары, 14 шатыр, 13 электрстанция, 5 тұрғын вагон, 20 спутникті телефон, 10 навигатор құрылғысы) алынған. Сондай-ақ сексеуіл тұқымын кептіру, оларды сақтауға аумағы 800 шаршы метрлік екі ангар са­лыныпты.

– Ұлтаннан ұшқан тұзды дауыл, құм көшкінінен қорғанудың бірден-бір жолы – шөлге төзімді, әбден бейімделген бұталар мен өсімдіктерді егу. Біз сексеуілдің жоғары шығымдылығына қол жет­кізу үшін ғылыми негіздеме мен жұмыс жобаларына сүйенеміз. Көбіне-көп егу кезінде тұқым себу, көшетпен отырғызу тәсілін қолданамыз. Ғылыми тұрғыдан айтсақ, 3-ші типті топырақта тұ­қым себіліп, көшет отырғызылса, 4-ші типті топырақта галофитті өсімдіктер, яғни сарысазан, қара­барақ тұқымы себіледі, – дейді инс­пекция  басшысы.

Иә, Арал теңізінің құрғауынан туындаған мәселе жеткілікті. Оны шешу жолында халықаралық, оның ішінде Халықаралық Аралды құтқару қоры, Дүниежүзілік даму банкі, Германия халықаралық ынты­мақтастық қоғамы, АҚШ халықаралық даму агенттігі, Оңтүс­тік Корея орман қызметі және басқа да ұйымдармен ынтымақтастыққа қол жеткізілді. Атап айтсақ, 2021 жылдың 10-16 маусымы мен 9-13 қыркүйегінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында теңізді орман­дандыруға делегация алмасу ұйым­дастырылды. Нәтижесінде Арал өңірінде орман шаруашылығын дамыту бағытында тығыз жұмыс жасау жөнінде меморандумға қол қойылды. «Арал теңізінің құрғаған табанында жүргізілген орман мелиорациялық жұмыстар және 2021-2022 жылғы жетістіктер» тақырыбында семинар өтті.

Бұдан бөлек, құрғаған теңіз табанына қатысты мемлекеттік орман қорының картасы жасалып, 150 мың гектар жерге топырақ зерттеу жұмыстары жүрді, жобалар дайындалды. Ұлтанға екпе егудің уақытша әдістемесі құрылып, аумағы 15 гектар учаскеде пилоттық жоба, яғни сексеуіл көшетін отырғызудың түрлі тәсілдері қолға алынған. 500 метр тереңдікте су ұңғымасы қазылды. Қазалыда аумағы 33 гектар құрайтын тұрақты орман тұқымбағы салынып, заманауи құрал-жабдықтар алынған.

Сала мамандарының сөзінше, сексеуілдің тұқымы күзде, қазан айының соңына қарай әбден піседі. Орманшылар осы кезде дән жинап, алдағы қар жауар алдында құрғаған теңіз табанына себеді. Сондай-ақ көшетпен егу арқылы да орман қорын молайта аламыз. Айталық, наурыз айының алғашқы он күндігінде орманшылар арнайы жабдықталған жылы вагонда жатып, 15 күн ішінде қыстағы тоң мен қардың ызасы арқылы ылғал топыраққа көшет отырғызады. Егер бір тал көшет тұзды топырақта шықса, бұл – үлкен еңбек. Ол бес жылда дән беріп, тұрған желдің әсерімен жан-жағында табиғи өсім де пайда болады.

Бір қызық дерек, бір түп сексеуіл жел мен дауылдан көшкен құмның 3-4 тоннасына бөгет болады екен. Қыста жауған қарға да солай. Сексеуіл түбіне үйілген қардың көктемгі ылғалымен өзге де өсімдіктер өседі. Қазір сол 2021 жылы егілген сексеуіл тұқымы мен көшеттері құрғаған теңіздің орнынан ұшқан тұзды шаңның ұшуын тоқтатып, экологиялық жағдайдың жақсаруына көмегін тигізуде. Бұл – өңір халқының денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің көбейіп, өсуіне оң әсер береді. Демек, теңіз табанындағы жағымсыз факторларға бірден-бір амал – құрғаған ұлтанға сексеуіл, сарысазан, қарабарақ сияқты галафитті өсімдіктерді егу екенін кейінгі жылдардың тәжірибесі әбден дәлелдегендей.

Ержан ҚОЖАС

Фото: Қызылорда облыс­тық ор­ман шаруа­шылығы

және жа­­нуар­­лар дү­ниесі аумақтық инс­пек­­ция­сы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *