Toyota Sienna минивэні жаңарды: Қандай өзгеріс бар?
Жаңартылған минивэн АҚШ нарығына 2027 жылдың басында шығады. Ал көліктің жаңа бағасы кейінірек жарияланады.
Жапониялық Toyota компаниясы 2027 модельдік жылға арналған Sienna минивэнінің жаңартылған нұсқасын таныстырды. Модельдің сыртқы келбеті өзгермегенімен, салоны мен техникалық жабдықталуына бірқатар жаңалық енгізілген. Ең бастысы – көлікке алтыншы буындағы гибридті жүйе орнатылды.
Toyota Sienna Солтүстік Америка нарығына алғаш рет 1997 жылы шыққан. Содан бері минивэн үш рет буынын ауыстырды. Қазіргі төртінші буыны 2020 жылдың көктемінде таныстырылған.
Модель АҚШ нарығында әлі де сұранысқа ие. Биыл қаңтар-қазан айларында америкалық дилерлер 95 704 дана Toyota Sienna сатқан. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5 пайызға көп.
Салоны жаңартылып, экрандары үлкейді
2027 жылғы Toyota Sienna-ның барлық нұсқасына енді 12,3 дюймдік цифрлық аспаптар панелі стандартты жабдық ретінде орнатылады. Бұған дейін бастапқы LE және XLE жинақтамаларында оның орнына 7 дюймдік экран болған.
Мультимедиа жүйесінің сенсорлық экраны да барлық нұсқада 12,3 дюймге дейін үлкейтілді. Ал екінші қатардағы жолаушыларға арналған экранның диагоналі 11,6-дан 12,9 дюймге артты. Бұл мүмкіндік Woodland, XSE және Platinum жинақтамаларында қолжетімді.
Сонымен қатар модельге бағдарламалық жасақтаманың соңғы нұсқасы енгізілді. XSE нұсқасында алдыңғы орындықтарды желдету және олардың баптауларын есте сақтау функциялары, сондай-ақ айналаны толық көрсететін камералар пайда болды.
Гибридті жүйенің қуаты артты
Жаңартылған Sienna-ның басты ерекшелігі – алтыншы буындағы Toyota гибридті жүйесі. Оның негізінде көлемі 2,5 литрлік төрт цилиндрлі қозғалтқыш сақталған. Алайда ол төмен және орташа жылдамдықта қозғалған кезде дыбысты аз шығару үшін қайта бапталған.
Жүйе жаңа электр қозғалтқыштарымен және сыйымдылығы 1,15 кВт·сағ литий-ионды аккумулятормен жұмыс істейді. Алдыңғы электр қозғалтқышының қуаты – 169 ат күші. Толық жетекті нұсқаларда артқы электр қозғалтқышы да бар, оның қуаты – 54 ат күші. Жаңа жүйеде кремний карбидінен жасалған өткізгіштер қолданылады.
Гибридті қондырғының жалпы қуаты бұрынғы 248 ат күшінен 254 ат күшіне дейін өскен. Ал айналу моменті өзгеріссіз қалып, 239 Нм деңгейінде сақталған.
Алдыңғы жетекті нұсқа 96,6 км/сағ жылдамдыққа 7,5 секундта жетеді. Толық жетекті модельге бұл үшін 7,6 секунд қажет. Бұған дейінгі нұсқада бұл көрсеткіш 7,9 секунд болған.
Минивэн жаңа рульдік басқару жүйесімен және электронды басқарылатын тежегіштермен жабдықталды. Бұл технологиялар 2026 модельдік жылғы Toyota RAV4 көлігінде де қолданылған. Бұған қоса, Sienna-ға Toyota Safety Sense 4.0 қауіпсіздік жүйелерінің кешені орнатылды. Жаңа дыбыс бәсеңдеткіштің арқасында салондағы шу деңгейі 1,6 децибелге төмендеген.
Бағасы 18,8 миллион теңгеден басталады
Toyota Sienna өндірісі АҚШ-тың Индиана штатындағы Принстон қаласында орналасқан зауытта жүзеге асырылады. Жаңартылған минивэндер америкалық дилерлерге 2027 жылдың басында жеткізіле бастайды. Компания әзірге жаңа модельдің бағасын жариялаған жоқ.
Ал 2026 модельдік жылғы Toyota Sienna АҚШ-та 41-58 мың доллар аралығында сатылады. Бұл шамамен 18,8-26,7 миллион теңге.
Бұл – АҚШ-тағы бастапқы бағалардың теңгеге шаққандағы баламасы. Қазақстанға жеткізу, кедендік рәсімдеу және басқа да шығындар есепке алынбаған.
Фото: Toyota












