ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРДЫҢ БІР МҰҢЫ – ЖАЛАҚЫСЫ!

 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны баршамызға мәлім. Қуанып та қалдық. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу үшін қоғамда әртүрлі игі шаралар да белең алып келеді. Иә, қоғамда жұмысшы мамандық иелеріне лайықты қызмет көрсетілуі керек. Тазалық та, әлеуметтік салада да, жалпы барлық салада оларсыз күн қараңғы.

 Қарапайым мысал келтірейін. Өзім қызмет атқаратын білім мекемесіндегі жұмысшы мамандықтар туралы…
Білім мекемемізде оларға жатады: сантехник, электрик, аула сыпырушы, жұмысшы, асхана қызметкерлері, жүргізуші және тағы басқалар. Шынымды айтсам, үлкен қалада осы мамандықтарға жұмысқа маман табу қиын. Әрине, мемлекеттік мекемелерде. Себебі, сантехник өзі жеке жұмыс жасағанды ұнатады. Себебі, күнделікті жақсы табыс табады.

 Қазақстандағы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды. Дәл осындай жалақыға мектепке еден жууға ешкім келгісі келмейді. «Бұндай жалақымен күн көре алмайсың ғой», «Сіз шын айтып отырсыз ба? Осындай үлкен мегаполиста осындай жалақыға???», «Әзілдеп отырсыз ба?» — бұл ваканциямен келген жұмыс іздеушілердің сұрақтары мен сөздері. Тағы да, жыл басында асханаға келген асхана қызметкерлерін табу қиынға туды. Алғашқы аптада балаларды аш қалдырмаймын ғой, өзіміз бір амалын таптық. Колледждерден бітіріп жатқан жас аспаздарды тартсам, олар тіпті басын алып қашты. Себебі, жалақысы өте төмен. Келген адамға тағы да 0,5 бірлік қосып беріп әрең көндіресің. Икемді қарым-қатынас орнатып, тілін тауып қабылдайсың. Пенсия мен жалақы 10 пайызға көтерілген күннен бұрын азық-түліктер бағасын білдірмей көтеріп қояды. Қазіргі таңдағы азық-түлік бағасы тіпті көз ілестірмей қымбаттауда. Халықтың күн көрісі сол кішкентай ғана жалақысы болса, шынымен де олар қарызға кірмей, кредит алмай қалай отырады? Жағадан алған қарыздарын өтей алмай қаншама адам қарызға батып, қиналып жүр. Басқа жұмысқа бара алмайды, себебі, мамандығы сол… Енді қайтеді? Артынан сот орындаушысынан қағаз келіп тұрады. Кредитін төлей алмай, еселеніп, сотқа кеткен…

 Мұндағы айтпағым, осы мамандық иелерінің еңбектері көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ шынымен де құрмет көрсетуге лайық. Ең болмаса, осы жылы жалақыларының артуына ықпал жасалса деген ой. Жаңа келген жұмысшылар жылынынан үміт көп. «Биыл біздің жылымыз екен ғой, жағдайымыз жақсаратын шығар» деген сөзден туындаған ой болатын…

 Өзім көзіммен көріп, жұмысшылар таба алмай қиналғанның бірімін, сондықтан да жазғым келді. Лайықты құрметпен бірге лайықты жалақысы болса! Халық мүддесіне жұмыс жасап жүрген азаматтар мен азаматшалардың ойында бар шығар, бірақ мұндай маңызды уақытта маңызды дүниелерді оңтайлы шешудің жолдары ұсынылса… Еңбекқор, адал, әділетті қоғамды жасау үшін лайықты жағдай жасалу керек шығар…

Рысжан ШАМҰРАТОВА

 

 

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *