«Қауырсын қалам» айдарының қонағы ақын, журналист Жансая Баянова. Ол 1993 жылы 14 қаңтарда БҚО, Казталов ауданы, Нұрсай ауылында дүниеге келген. 2022 жылдың тамыз айынан бастап 2023 жылдың қараша айына дейінгі аралықта Казталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінде І санатты тілші болып еңбек еткен. 2023 жылдың қараша айынан бастап Облыстық халық шығармашылығы орталығында әдіскер болып қызмет етеді.
ЖОҒАЛМАСЫН ЖҮРЕКТЕГІ ЖЫЛЫЛЫҚ…
Нарық дейміз, заман дейміз жаңа біз,
Зәулім үй мен қымбат көлік аламыз,
Арланамыз, қорланамыз кей достың
Дәулетіне жетпей жатса шамамыз.
Мойында алтын, құндыз болса жағамыз,
Шетелдерде оқып жатса баламыз.
Жылмаң күлкі, қос жанарда жылу жоқ,
Жалған болмыс бетпердесін тағамыз.
Пендешілік!
Пұлға құл бол боп санамыз,
«Қайтсем озам?» деп алқынып шабамыз.
Байлық буы бойға дендеп орнығып,
Ағайынмен алыстайды арамыз.
Байқалмастан, оғаш қылық, олқылық,
Бос кеудені боқ дүниемен толтырып,
Алған жанның жан сарайы жабылып,
Жүрегіне қалады екен тоң тұрып.
Содан келіп болса дағы байлығы,
Долларменен төленсе де айлығы,
Жетпегендей әлденені іздейді
Қалса оңаша өз жанымен жай күні.
Жетпей жатқан жүректегі жылылық,
Аппақ ниет, адамшылық, ірілік
Тыныш болар жаны адамның, жатса егер
Жан байлығы дәулетімен бірігіп…
Жоғалмасын жүректегі жылылық!
БІЗДІҢ БАЛАЛЫҚ
Ұстама қолыңмен!
Жүгірме,  құлайсың!
Суыққа көп жүрме,  ауырып жылайсың
Бүлдірме үстіңді,  ұстама ит-мысық!
Осы күн балларды жібердік көп қысып…
Ал,  біз ше?!
Ойнап ек алаңсыз,
Тартпады табан сыз
Күн батқан кезде үйге,
Келуші ек амалсыз.
Екі бет алмадай,
Аязға домбығып,
Сырғанап төбеден…
Қарға аунап,  омбығып,
Біз түскен көл суы,
Көрді ме тоңдырып?
Екі ауыл арасын,
Жүруші ек жол қылып.
Жидек жеп даладан,
Тамсандық талай біз.
Балшықтан торт жасап,
Дәмдіге балаймыз.
Қозы-лақ аулада,
Құшақтаймыз сүйсініп.
Жанашыр сезімді
Өстік біз түйсініп.
Бұл — біздің балалық
Еркіндік!
Шектеусіз!
Ұл аман,  қыз аман,
Бүгінге жеткенбіз.
Ал,  қазір балаға
Тыйым сап әрнеге,
Не болып кеткенбіз?
Ұрлап ап бал күнін,
Шықтық-ау, шектен біз…
БАЛА АРМАН
Бала арман кеудеде тұншығып,
Үй — жұмыс,  жұмыс — үй,  тіршілік.
Әр түнде қиялмен көк шарлап,
Таң ата кетеміз күрсініп…
Бір тірлік,  тағатсыз зырлайды,
Білдірмей әр күнді ұрлайды.
Жан бағу,  нан табу,  арпалыс
Айналған дөңгелек тынбайды.
Түсер деп жалақы ендігі,
Сарылып күтумен сенбіні.
Қаншама жүректің жатыр ғой,
Жасалмай ең ұлы ерлігі!
ӨМІРДІ БҮГІН СҮР
 
Кепілдік бар ма?
Тоқсанға толарыңа,
Жетеріңе жетпістің торабына,
Кімді,  нені күтесің?!
Түсінбедім?
Қалауыңды сап қойып қорабына.
«Ертең» дейсің,
Қай ертең түсінбедім?
Мың сылтаумен «бүгінді» мүсіндедің.
Арманың ар сотына салмайды ма?
Күні ертең отырғанда күшің кеміп…
Бүгін,  бүгін,  дәл қазір өмір сүрші,
Көздеріңнен қуаныш төгілсінші.
Сезін!  Шаттан балаша!
Бар дүние
Уысыңда секілді көрінсінші.
Өмірдің бүкіл нәрін жұтып алғын,
Уақытын бағаласа ұтылар кім?
Әрекет қыл,  сағатың соққан кезде
Туады сағаттан да құтылар күн…
СЕЗІНУ
Бозала таң…
Айқыш іздер, әрлі-берлі қадамдар
Қу тіршілік,
Жұмысына асығады адамдар.
Күн батады, таңда атады ескерусіз, елеусіз
Ешкімнің де шамасы жоқ өмір сырын бағамдар.
Сезбей мүлде бақыттарын, бара жатыр асығып,
Тық-тық еткен қолындағы сағатына бас ұрып…
Табиғаттың тамашасын сезінерге «уақыт жоқ»
Жан қалауын жалған тірлік қалқасына жасырып.
Білсе егер, әрбір күннің, қымбат сәттің бағасын,
Әрбір таңда қуантуға асығар ед анасын.
Болмас іске күйіп-пісіп, күндемес ед ешкімді,
Ашуланып, бір-бірінің алмас еді жағасын.
Білсе егер, әрбір күннің, қымбат сәттің бағасын,
Қаражаттың құрығына байламас ед санасын,
Ағайынмен ала болмай, араздыққа ұрынбай,
Құшақ жайып, табар еді жақындармен жарасым
Дені сау боп, әрбір күнді аман-есен қарсы алу,
Жігеріңді жанып алға, кедергіге қарсы ағу.
Өмір деген —  қолда бардың шын бағасын сезіну,
Әрбір талға, аққан суға, атқан таңға тамсану.
Бақыт деген нұрлы жүздер, жанардағы жылылық,
Арман деген жүректерде ұялаған бір үміт
Тіршіліктің тәтті дәмін сезінгенге не жетсін,
Жапырақтың сыбдырынан сазды әуен, сыр ұғып…

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Қауырсын қалам

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *