…Алматы дәл бүгінгідей ақ ұлпаға оранып жатқан. Сабақтан шығып КазГУ- градтың ішіндегі жалғыз аяқ жолмен тартып келеміз. Ағаштар ақ қардан сырға тағыныпты. Аяз. Мүлгіген тыныштық. Тек анда-санда жатаханаға асыққан студенттердің аяқ сықыры ғана естіледі. Жас қарға тиген аяқ киімнің дыбысы қандай ерекше! Сықыр..сықыр…Сол сықырдан ығысып артыма қарағанмын. Жүрек дір ете түсті. Сол! Бізді басып озайын деп қалыпты. Ығысып жол бердік. Аяғындағы ақ етігі жалт — жұлт етіп өте берді. Аппақ қар! Аппақ етік киген бұрымды қыз! Қандай жарасымды. Бұрын да сүйкімді еді. Бүгін ақ етікпен тіпті періште дерсің…
-Осы қызды көрсең есіңнен танып, тілден айырылып қалады екенсің! Е-ей, естіп тұрсың ба?
Досым ғой. Мазақтап тұр. Не дейін? Оған сөз қайтарып өле алмай жүр дейсің бе? Ертең -ақ бір өлеңнің кейіпкеріне айналып шыға келемін бе деп қорқамын. Онсыз да «Аяғына киіп ап аппақ етік, Арман досты жүрмесін таптап өтіп…» деп Әбіш екеуінің ыңылдап жүргенін құлағым шалып қалған. Мейлі, ыңылдай берсін. Ақ етікті қыз бәрібір керемет! Арман үшін -аппақ арман!
…Сол арман ақыры орындалғандай болды. Ақ етікті қызбен Алматының айлы түндерінде армансыз қыдыратын жағдайға жеттік. Арамызда алып ұшқан махаббат болмаса да бір нәзік сезімнің бүршік жарып келе жатқаны анық еді. Бірде үйге шақырдым. Қыз бас тартты. «Достарыңнан ұят болады» дегені. Түсіндіріп жатырмын. Болатбек ауылына кеткен. Табыл «жатаханаға қонамын» деген. Ақ етікті қыз ақыры көнді.
-Келдік, -деймін жатаған үйдің сыртқы есігін ашып жатып,- Ақ етік киген қыз біздің үйге келеді деп кім ойлаған?..
-Сонда сіздің үйге ақ етік киген қыздар мүлдем келмеген бе?-дейді бұрымды қыз қуланып,-Тек шыныңды айтшы?
-Ойбай атай көрме! -деймін, -Қыз дегендер болған жоқ.
… Кіре беріске ақ етігін шеше бастаған бұрымды қыз бір кезде жылан көргендей шоршып түсті. Қолымен бұрышты көрсетеді. О, тоба! Бұрышта тағы бір сүп- сүйкімді аппақ етік монтиып тұр. Іштен қыздың күлкісі естілді. Менің ақ етіктім сыртқа зытты. Ештеңе түсіндіре алмадым. Тыңдағысы да келмеді. Таксиге салып жіберіп үйге келсем есіктің алдында Табыл тұр. Өкпемді айтып жатырмын.
-Қызықсың !-дейді, -Сонда сенен басқа адам ақ етікті қызға ғашық болмауы, онымен жүрмеуі керек пе?
…Сәлден соң Табылдың ақ етікті қызымен көңіл — күйсіз шәй ішіп отырдық. Менің ақ етік киген арманым сол кеткеннен мол кетті. Бұл босағаға қайта оралмады…

Арман Сқабылұлы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *