Өрлеу шыңын өлім өрген…
«Қауырсын қалам» айдарының қонағы — Инабат Рахат Азатқызы. Ол 2007 жылы Орал қаласында дүниеге келген. А.Тайманов атындағы 34-мектеп-гимназиясының түлегі, «Алтын Белгі» иегері, Республикалық байқаулардың жеңімпазы. Қазіргі таңда СДУ университетінде қолданбалы филология мамандығы бойынша білім алуда.
Эсхотология
Тағдыр бабын тапқан кімнің,
Менмендікке аласұрған,
Жасық қылған жастығымда
аққан жастың бәрі ізгі.
Атқан таң мен батқан күннің
миғылжыған арасында
ақым кетіп бара жатқан тәрізді.
Амальфидің жағалауын,
Жүзі қара, ағы нәсіл,
Кезіп жүріп көп көрмеген күн көрген.
Жүрмейтіндей оған әмір,
Маңғаздықтың мағынасын
меңгермегем мүмкін мен.
Шатқалынан шыңыраудың
Шіркеу кезіп, шала шикі
қылып жүрген түнге пір.
Мәнсіздіктің мұңын ауыр,
Көтере алмау жаңа дерті,
Жоғалуға жол емеске кім кепіл?
Құса болған қарға қырдың
қылбырындай
адамдықтан ада жандар армансыз.
Сыры сынды жынға әтірдің,
ақиқатпен ант беруден
басталардың бәрі тұтас жалған сөз.
Өрлеу шыңын өлім өрген,
Қоғам жайлы қандай ғайбат қылсаң бақ?
Арылмаған өңі міннен,
Пәтуасыз періштенің,
Түсін, түрін талай тұтқын жүр сомдап.
Көрінбестен күтіп үкім,
Түсініксіз талғамына қалдыратын тән қашам.
Бастау бөлек, бітімі бір,
Дөрекілік дана ойлау
Әлем жайлы әрқашан.
Аспанға хат
Ессіздіктен жетер ме оңалтар күн,
жазғыру мен азғыру, жылайды аз қам.
Мен бір күні есімді жоғалтармын,
тек сен мені ұмытпа, жарай ма аспан?
Бөліп берген бақ қайда, ай мөрі, ұсын,
тым көрікті күндерің келте неге?
Келеке етіп, күлуші ең қайғым үшін,
есіңде ме, сол ару еркелеген?
Кетем дерді өзінен көшіп көргіз,
кекшіл кеуде көк тұста көп дейді әлі.
Ал, біз жауап жамылып тосып жүрміз,
жазғандарым жағаңа жетпей қалып.
Тағдырымды қаламнан жырақ сыздым,
бәрі бізге тиесілі болмас, әттең.
Мойындаймын, мұңыма жауапсызбын,
қоштасарда қолыңды бұлға сәтпен.
Тыңдап тұрсаң, түсінші үнсізді ұзақ,
ашылудан әлі алшақ, алайда гүл.
Жаз қылсыншы жан-жақты жұлдызды сәт,
тек жанымды жазғырма, жарай ма өмір?
Пульсар
ақиқатқа асығатын алғашқы
ғалым тектес талғам мәні сәл ессіз.
триумфқа айналардай таңба ішкі
(күнә болар қоспай кету оған үн)
шешпей жатып адамзаттың бұғауын,
әлем сырын көп білуге әуессіз.
оның мұңы
кесесінен айнып кеткен көлбеу күн,
ебедейсіз шындық сынды елеусіз.
Гераклиттің қасіретін төлеудің,
жөні бөлек, жарты жұлдыз тегіндей
данышпандық дарымайды демеусіз
(сезінуге тиістісіз демек сіз)
сұрқы сұлу, сыр сипатты гүлдердің,
күлтесіне сүйсінбейді қай бағбан?
соры қандай сүю жайлы білмеудің
қате жорып, қылып жүрміз оң ырым
арашалап сізден ада аймақтан,
құтқарады оны кім?
көз көрумен өлшенбейтін көлем, көк
аспан жайлы ұзын-қысқа сөйлем қып,
қоңырауға шақырады кім сізді?
өз өңіне айналмаған өлең көп,
ал ол жақтан үнсіздік.
***
қиянат па қайырлы таңын сұрау?
тереземе ұлпа да үзілді енбей.
аспан бізге қояды ауыр сауал,
менің оған «жауапсыз» сезімімдей.
ғашықтықтың міндеті — ғарышты аяу,
бізсіз тағы басталды жаңа хаос.
қар жауады қайтадан алыс…баяу…
аянышты, аспаннан аласамыз.
мен өлімнен, өңімнен қорықпағам,
аппақ жердің мүмкін бе ізін шарпу?
жолығудың бір жолы болып қалар,
тастап кетсе қалаусыз қызыл шарфын.
кегін кешір көктің де, енді жақ шам,
бәлкім бүгін өтелер көп күнәміз.
жасын қағып жанардың желді тоқсан,
өзі жайлы айтады-ау өктем аңыз.
біз уәдеге қоспаушы ек ұсақ ұран,
кездесудің туғанмен орайы кеш.
жерге жетпей қалардай ұшағы да
маған қиын, оған да оңай емес.
Қызым қаламыңның сиясы таусылмасын
Сен біздің мақтанышымызсың 🤗
Ботам қаламыңның сиясы таусылмасын.Жазар жырың көп болсын.Тіл көзден аман бол.😘
Ботам қаламыңның сиясы таусылмасын.Жазар жырларың көп болсын.Тіл көзден аман бол.😘🤲