Қазақтың қай өңірін алсаңда, бойына өнер дарыған таланттарды көптеп кездестіруге болады.
Кейде, біздің қазақ ақын немесе жазушыны көрсе «Бұл анау бір қаладан екен» деп тереңіне бойламай, ол туралы там-тұмдап естігенін ғана сөз етуі мүмкін.
Ал, шынында өнер адамының шыққан тегі, өскен ортасы, қалыптасқан болысының негізі — ауылдан бастау алары сөзсіз.
Міне, сондай дарын иесінің бірі — Қазақстан Журналистері мен Жазушылар одағының мүшесі, ақын Махмет Мүтиұлы Қажиахметов.
Ол Алматы асып кетпей-ақ, ауылда тұрып та өзін танытқан, мойындатқан азамат. Біз үшін Махмет көкемнің аудан көшесінде алшаң басып келе жатқанының өзі – бақыт!
Ағай Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жетікөл ауылының тумасы. Оның түп-тамыры тереңде, тағдыры – өлеңде… Өмірінің көп бөлігін аудандық газеттің ақпаратына арнаған қаламгер. Ауданның тыныс-тіршілігін ой елегінен өткізіп, оқырманға сапалы ақпарат ұсынып, осы салаға бар ынта-жігерін сарып еткен жан. Сонымен қатар, өзін журналистік шеңберге салып қоймай, бойына бірнеше өнерді ұштастыра білген адам. Оның қол өнер шеберлігін айтпағанның өзінде саятшылық пен балықшылығы бір төбе. Ал, айтыскерлігі өз алдына бір әңгіме болады. Ал, өлең өлкесінде мәдениетке қосқан үлесі де аз емес. Сан қырлы ақынның жерлесім болғанына бек қуаныштымын!
Мен ағаймен мақтанғым келді, оның тұлғалық қасиетін халқы біледі.
Ағатай, бар болғаныңыз үшін, Тәңірге тәубе!
Ат мініп, атан шаршатып, даланы кезген дүлейім,
Сырымнан шыққан сүлейім, аман жүріңізші!
P.S: Биыл 70-ке толатын ҰЛды аудан ұлықтайтын шығар, ұмытпайтын шығар. Сөз тәмам…
Нұрлан Төлеуішев, БҚО, Сырым ауданы