Арқалық әуежайы іске қосылады
Қазіргі таңда Арқалық қаласындағы әуежайды қалпына келтіру – айрықша маңызды жобалардың бірі. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Жоба аясында жалпы аумағы 3 200 шаршы метрді құрайтын, сағатына 70 жолаушыға қызмет көрсете алатын екі қабатты жаңа әуежай кешенін салу жоспарланып отыр.
— Мемлекет басшысының құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмыстары басталмақ. Бұл әуежай 1992 жылдан бері жұмыс істемей тұр. Құжаттама әзірленіп, жоба жақын арада жүзеге асады, – деді Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Сәрсен Жарылғасов.
Жоба шеңберінде ұзындығы 2,5 мың метрлік ұшу-қону жолағы, такси жолы мен перрон жөнделмек. Сонымен қатар аэронавигациялық және метеорологиялық жабдықтар сатып алынатын болады. Таяуда ҚР көлік министрі Марат Қарабаев Арқалық қаласына барған жұмыс сапарында әуежайдың қазіргі жағдайымен танысқан болатын.
— Құрылтай аясында Мемлекет басшысы Арқалық әуежайын толықтай қалпына келтіруді министрлікке нақты тапсырма ретінде жүктеді. Қазіргі уақытта құжаттамалық жұмыстар жүргізілуде. Мақсатымыз – жұмысты биыл бастап, келесі жылы әуежайдың толыққанды жұмысын қамтамасыз ету, — дейді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолға алынған бұл бастама өңіраралық байланысты нығайтуды көздейді. Сондай-ақ, Қостанай, Астана және Алматы бағыттарына субсидияланатын рейстер ашу жоспарланып отыр.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ,
Суретті түсірген Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Қостанай облысы, Арқалық қаласы