Қостанайда терроризм туралы жалған хабар берген оқушы анықталды
Қостанай қаласында сауда ойын-сауық орталығының әкімшісі белгісіз нөмірден жарылғыш зат орнатылғаны туралы хабарлама алған. Оқиға орнына жеткен арнайы қызмет өкілдері ғимаратты және оның аумағын толық тексерген. Алайда жарылғыш зат табылмаған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында Қостанай облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы күдіктіні анықтады. Ол – облыс мектептерінің бірінде оқитын 8-сынып оқушысы болып шықты. Жасөспірім өз кінәсін толық мойындап, бұған дейін де осындай жалған хабарлама жасағанын растады.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған оқушы мен оның ата-анасының, психологтың және әлеуметтік педагогтың қатысуымен жұмыс жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері терроризм актісі туралы жалған хабарламаларға қатысты сақ болуға шақырады. Олар мұндай әрекеттер ауыр қылмыс болып саналатынын, заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын айтады.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ,
/Сурет Қостанай облыстық ПД баспасөз қызметінен алынды