Қызылорда облысында вокзалдарды күрделі жөндеу жұмыстары басталды
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халықына Жолдауын іске асыру мақсатында Үкімет республика көлемінде авиация және теміржол саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуде.
2023 жылы «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ АҚ және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен аймағымыздың бас шаһарында темір жол вокзалы мен вокзал аумағы күрделі жөндеуден және абаттандырудан өткен болатын.
ҚР Көлік министрлігінің және «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ АҚ қолдауымен бұл берекелі бастама Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал, Сексеуіл станцияларындағы 7 темір жол вокзалында, сондай-ақ Жалағаш пен Тереңөзектегі қызмет көрсету пунктерінде жалғасын тауып, темір жол вокзалы мен вокзал аумағы күрделі жөндеуден және абаттандырудан өтетін болады.
Аталған жобаны жүзеге асыруға тарихи және мәдени ғимарат құрылыстарын салу және жөндеу, абаттандыру саласында жұмыс тәжірибесі бар 4 мердігер мекеме белгіленіп, 8 жобалаушы мекеме және 1 техникалық қадағалау мекемесі анықталды.
Өңіріміздің келбетіне сән беріп, ажарын айшықтайтын бұл жоба бүгін Қазалы ауданында бастау алып, аудан тұрғындарының көз қуанышына айналуда. Аймағымыздың өзге аудандарында құрылыс жұмыстары сәуір айында басталып, жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға берілетін болады.

