Ешкім әке-шешесін, туған жерін таңдай алмайды. Бірақ ата-анасы мен кіндік қаны тамған жерді сүймейтін адам жоқ. Бар болса, оны адам деу қиын шығар…
«Бағың боп естілермін де, Сорың боп естілмеспін мен…» – депті қазақ өлеңінде төңкеріс жасаған Төлеген Айбергенов қасиетті Әмударияның бойынан аттанып бара жатып. Осы екі жол өлең менің де кредом болды. Шығармашылығымда туған жерге арналған жырлар басым. Өмірде де барынша насихаттап келемін.
Әлеуметтік желіде «Бесқала жырлары» деген хэштегпен өлеңдерімді жариялап жүргеніме біраз болды. Біршама жыр жазылыпты. Енді соны кітап қылып шығарайын деп шештім. Кітапты «Бесқала жырлары» деп атадым. Оған бұрынғы кітаптарымда жарияланған өлеңдерімді, әке-шешеме арналған жырларымды да қостым. Кейбір дүниелер енбей қалды.
Қарақалпақтың ғалым қызы, қазақ өлеңінің жанашыры Шырын Смамутова әлеуметтік желіде «Бауыржан және Бесқала» деп мақала жариялаған болатын. Маған деген шексіз құрметі көрініп тұрған сол мақаланы кітаптың алғысөзі орнына ұсынғанды жөн көрдім.
Бұл кітап – менің туған жеріме деген құрметім. «Меккеге жеті рет арқалап апарсаң да, ата-анаңның алдындағы борышыңды өтей алмайсың» деген сөз бар. Туған жер алдындағы борыш та солай болса керек. Бірақ ниетімнің түзу екені Хаққа аян.
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ