Қызылордада көпшілік күткен көпір ашылды
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мерекесінде Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауданында теміржол арқылы өтетін аспалы көпір ашылды. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысқан, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Аймақ басшысы аудан тұрғындарын Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен және жаңа көпірдің ашылуымен құттықтады.
«Бұл – аралдық ағайынның көптен күткен арманы! Бұрын пойыз өткенде теміржолдың екі бетіндегі көліктер кептелісте сағаттап күтетін. Жергілікті тұрғындардың ұзақ жылдан бері қордаланған басты мәселесінің оң шешім табуы – біз үшін үлкен жетістік әрі мақтаныш. Аспалы көпірге жаяу жүргіншілер жолы, түнгі жарықшамдар орнатылды. Жаңа көпір – Аралдың болашағына жол ашатын, ел игілігіне қызмет ететін алтын көпірге айналсын! Баршаңызға амандық, жасампаз істерімізге толағай табыс тілеймін!» деді көпірдің ашылу салтанатында облыс басшысы.
Айта кетейік, Арал ауданы кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді. Екі жыл бұрын аудан бюджеті 10,1 млрд теңге болса, бүгінде 22 млрд теңгеден асты. Үш жыл ішінде 80 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Осы кезеңде 80 шақырым ауыз су желісі жаңартылып, халықтың 96 пайызы таза ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар, тұрғындардың 71 пайызы «көгілдір отынның» игілігін көруде. Аралдың Сыр беткейіндегі елді мекендерді газдандыру мақсатында «Қамыстыбас» ауылында автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы басталды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 10 мектептің 2-еуі Арал ауданында бой көтерді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 3 амбулатория пайдалануға берілді. Сонымен қатар, құны 4,1 млрд теңге болатын аудандық аурухананың қосымша ғимараты мен жұқпалы аурулар бөлімшесінің құрылысы басталды. Облыстық бюджет есебінен «Сексеуіл» кентінде 40 төсектік аурухана ашылды. Жақын күндері Арал қаласында «Руханият орталығы» мен «Қамқорлық» оңалту орталығы іске қосылмақ.