Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы және Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қызылордада алғаш рет «TWO STARS» («Екі жұлдыз») атты ерекше ән-шоу байқауы ұйымдастырылды. Бұл бастама облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер клубының қолдауымен жүзеге асты.

Достық үйінің концерт залында өткен кешке өңірдің БАҚ өкілдері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Байқаудың басты мақсаты – этносаралық келісімді насихаттау, шығармашылық ынтымақтастықты дамыту және мәдени байланысты нығайту болды.

Салтанатты шараның шымылдығын облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов ашып, байқаудың маңыздылығына тоқталды. Ол бұл жобаны рухани байланыс орнататын жарқын алаң деп атап өтіп, журналистердің қоғамдағы шығармашылық рөліне жоғары баға берді.

Облыстық Журналистер клубы 2015 жылдан бері этножурналистика бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Биыл клуб қатары 16 жаңа маманмен толықса, жылдың алғашқы бес айында 2000-нан астам мақала жарық көрген. «Бірлігі жарасқан», «Ассамблея айнасы» секілді жобалар осы еңбектің айғағына айналды.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар «бірлік», «достық», «татулық» тақырыптарында әндер шырқап, бейнероликтер арқылы өз идеяларын таныстырды. Ал екінші кезеңде еркін тақырыпта өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сайысқа жергілікті БАҚ өкілдерінен құралған 5 жұп қатысты. Қазылар алқасының құрамында ҚР еңбек сіңірген артисі Күлән Қалымбетова, «Хабар» және «24 KZ» телеарналарының өңірдегі меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков, «Жетінші арна» тілшісі Қамбар Бекенов және облыстық Неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы Ирина Шек болды.

Байқау жеңімпаздары:

  • Бас жүлде – «Qyzylorda» телеарнасының жүргізушісі Талант Айымбетов пен тілші Аружан Саруарбек;

  • І орын – «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Абзал Жолтерек пен видео-контент шебері Қуаныш Мұстафаев;

  • ІІ орын – «Qyzylorda» телеарнасының сарапшы редакторы Дәулетхан Ақайдаров пен жүргізуші Әйгерім Нажмадинқызы;

  • Арнайы жүлде – Өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілдері Динар Рахман мен Жания Төребекова және «Кызылординские вести» газетінің тілшілері Ерхан Ақынов пен Альфия Гавычеваға берілді.

Жеңімпаздарға дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Кеш қонақтары арасында «Ассамблея жастары» ұйымының мүшелері де өнер көрсетіп, жас әнші Анна Цой «Қазақ елі» әнімен ерекше әсер сыйлады.

Шараның финалында барлық жұп «Екі жұлдыз» әнін бірге орындап, кеш мерекелік фейерверкпен қорытындыланды.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *