Интернетте 16 миллиард аккаунттың деректері таралды
Жақында ғаламторда бұрын-соңды болмаған көлемдегі деректердің таралуы тіркелді — 16 миллиардқа жуық логин мен құпиясөз ашық кеңістікке шыққан. Бұл туралы Cybernews сарапшылары хабарлады.
Мамандардың мәліметінше, ауқымды мәліметтер базасы зиянды бағдарламалар, фишингтік шабуылдар мен түрлі кибершабуылдар нәтижесінде жасырын түрде жиналған.
Ашыққа шыққан деректер 30-дан астам ірі дерекқорда топтастырылған, әрқайсысында миллиондаған пайдаланушы мәліметтері сақталған. Хакерлік шабуылдан зардап шеккендер қатарында Apple, Google, Facebook, Telegram сынды ірі платформалардың қолданушылары бар.
Сарапшылар қауіпсіздік мақсатында барлық интернет қолданушыларына өз аккаунттарының құпиясөздерін дереу ауыстыруды және екі факторлы аутентификацияны қосу сияқты қосымша қорғаныс шараларын қабылдауды ұсынады.