Қызылорда қаласында қызмет атқаратын ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тұрғын үйде шыққан өрттен зардап шеккендерге алғашқылардың бірі болып көмекке келген, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Кезекші патруль бағыты «Ескі базар» аумағындағы тұрғын үйден өрт шыққаны туралы полицияның жедел басқару орталығынан хабар алған. Бұл туралы білген кезекші лейтенант Ернұр Әбілхан патрульдік топ құрамындағы қатардағы жауынгерлер Нұрдәулет Әдіхалық пен Ердос Махмұдовпен бірге дереу оқиға орнына аттанған.

Үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен қою түтін будақтап шығып жатты. Өрт сөндірушілер келгенге дейін әскери қызметшілер тұрғындарды өрт жайлы ескертіп, оларды шұғыл эвакуациялауға кірісті.

– Біз келгенде үйдің ішін қою түтін басып, күйік иісінен тыныс алу қиын еді. Соған қарамастан, орамалдарымызды сулап, бетімізді жауып, адамдарға сыртқа шығуға көмектестік. Сол сәтте бір ер адам бесінші қабатта кішкентай қызы мен жұбайы қалып қойғанын, ал есікті сыртынан өзі жауып кеткенін айтты. Кілтті алып, оларды да қауіпсіз жерге шығардық, – деді лейтенант Ернұр Әбілхан.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік болды. Тұрғындар түгелдей қауіпсіз жерге көшіріліп, ешкім зардап шеккен жоқ.

Фото: 5547 әскери бөлімі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *