Сенат Салық кодексін талқылап жатыр
Сенат отырысында сенатор Бекболат Орынбеков жаңа редакциядағы Салық кодексін және оған ілеспе заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа Салық кодексі экономикалық өсімге тұрақты, әділ, ашық және салық салуда болжамды, сондай-ақ оның жоғары кірістерін сақтай отырып, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауы тиіс. Кодекстің негізгі мақсаты келесідей:
- Салық саясатын әділ және тиімді ету;
- Бизнеске түсетін жүктемені оңтайландыру;
- Салық әкімшілендіруді цифрландыру;
- Қайтарылатын ҚҚС тәртібін жеңілдету;
- Салықтық жеңілдіктерді 20%-ға қысқарту.
Күтілетін нәтиже қандай болады?
- Корпоративтік табыс салығының базалық 20%-дық мөлшерлемесін сақтай отырып, кейбір салалардың ставкаларын саралау. Кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру қызметін қоспағанда, банк секторы үшін мөлшерлеме 25%-ды құрайды.
- Салықтық-бюджеттік реформа шеңберінде қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттырып, салалар бойынша сараланған ставкалар ұсынылады.
- ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою шегі бойынша: ҚҚС бойынша тіркеу есебіне қою үшін айналымның шекті мөлшерін 20 000 АЕК-тен 10 000
АЕК-ке дейін төмендету ұсынылады. - Жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін енгізуге қатысты жылдық табысы 8 500 АЕК-тен асатын жеке тұлғалар үшін 15%-дық жоғарылатылған мөлшерлемені белгілеу ұсынылады.
- Акциздік саясаттағы өзгерістер: алкоголь мен темекіге акциздер мөлшерлемесін кезең-кезеңімен ұлғайту, энергетикалық сусындарға акциздер мөлшерлемесін енгізу ұсынылады.
- Салықтарды қысқарту бойынша: алымдар мен төлемдер 20%-ға, бірыңғай жер салығы алып тасталады, яғни салықтың 12 түрінен 11-і қалады.
- Арнайы салық режимдерін (бұдан әрі – АСР) реформалау, мәселен жеті АСР орнына үшеуі ұсынылады (өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, жеңілдетілген декларация негізінде, шаруа және фермер қожалықтары үшін). Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР: мөлшерлеме — 4%, шекті табыс – дара кәсіпкер ретінде міндетті тіркеусіз жылына 15 млн. теңгеге дейін.
- «Сән-салтанат» заттарына салық салуға қатысты: құны 75 млн. теңгеден асатын жеңіл автомобильдер, құны 100 млн. теңгеден асатын ұшақтар мен яхталар бойынша құнының 10%-ы мөлшерінде акциз мөлшерлемесі белгіленген.