Такси бағасы неге бақылаусыз?
Қазақстанда такси жолаушыларын тасымалдау нарығындағы бәсекелестік деңгейін, сондай-ақ тапсырыстарды рәсімдеуде қолданылатын аппараттық-бағдарламалық кешендер мен мобильді қосымшаларды жоспарлы түрде талдау жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
«Халықаралық тәжірибеге сәйкес, такси қызметтері, азаматтық авиация және теміржол жолаушылар тасымалы салаларындағы тарифтік саясат тікелей мемлекеттік реттеуге жатпайды. Бұл бағыттарда баға нарық субъектілерінің арасында бәсекелестік негізінде қалыптасады», деп түсіндірді премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.
Мысалы, азаматтық авиация саласында тарифтер динамикалық баға белгілеу жүйесі арқылы анықталады. Бұл жүйеде сұраныс, маусымдық ерекшеліктер, рейстің толтырылуы сынды факторлар ескеріледі. Роман Склярдың айтуынша, отандық әуе тасымалдаушылар билет сатуды әртүрлі тарифтермен жүзеге асырып, жолаушылардың түрлі санаттары үшін қызметтің қолжетімділігі мен таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар егер бағалардың негізсіз көтерілгені анықталса, Кәсіпкерлік кодекс нормаларына сәйкес тиісті антимонополиялық әрекеттер қолданылады.
«Баға қалыптастыру тәсілі тұтынушылар мен бизнес мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып, қолданыстағы бәсекелестік заңнамасы аясында жүргізіледі», деп түйіндеді Роман Скляр.
Фотоколлаж: Ербол Бекболат