Қызылорда облысында 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етуде
23 маусым күні Қызылордада Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, сала басшылары және мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Аймақ басшысы мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтап, ел дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
“Баршаңызды Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елге адал қызмет ету, Отанды шексіз сүю, туған елдің дамуына аянбай үлес қосу – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті.
Егемен еліміздің алдындағы стратегиялық міндеттерді орындауда мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметкерлерге артылған жауапкершілік жоғары. Сіздер Қазақстанның жарқын болашағы жолында халық аманатын арқалап, уақытпен санаспай еңбек етіп, антқа адалдықтың, халыққа жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп келесіздер.
Туған жеріміз – Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға қосқан зор үлестеріңіз үшін шынайы ризашылығымды, алғысымды білдіремін!
Бүгінде жаңа трансформация кезеңінде кәсіби әрі тиімді мемлекеттік аппарат құру бағытында мемлекеттік қызметшілерді жұмысқа қабылдау тетіктері жеңілдеді.
Бюрократиядан арылу, артық кедергілер мен тосқауылдарды жою, кадрлық резервті қалыптастыру, меритократия қағидатын енгізу, қызметтерді сандық форматқа көшіру мемлекеттік қызмет моделін қолжетімді әрі сындарлы диалогқа негіздеді.
Соның нәтижесінде өңірде мемлекеттік аппаратты оңтайландырып, әкімшілік шығындарды азайтып, басшылық құрам санын қысқарттық.
Президентіміздің Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы бастамалары мен тапсырмаларын аймағымызда сәтті жүзеге асырып, халық сенімінің үдесінен шыға берулеріңізге тілектеспін!
Баршаңыздың дендеріңіз сау, жақындарыңыз аман болып, отбасыларыңыздың бақ-берекесі арта берсін!”,- деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты жиында мемлекеттік қызмет саласының бірқатар үздіктері марапатталды:
-
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен ардагерлер Әбдіғаппар Әмірғалиұлы мен Қожахмет Ильясов марапатталды.
-
«Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановқа, мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменовке, Қызылорда қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймахановаға табысталды.
-
Сонымен қатар, бірқатар қызметкерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді.
Бұдан бөлек, шара аясында жас мемлекеттік қызметшілердің Ант беру рәсімі өтті.
Айтайық, бүгінде Қызылорда облысында үш мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олардың 45 пайызы – әйелдер, ал 294 қыз-келіншек басшылық лауазымдарды атқаруда. Облыста 35 жасқа дейінгі 800-ге жуық жасмемлекеттік қызметші қызмет етеді.
Соңғы жылдары мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби әлеуеті артып келеді. Бұл ретте:
-
24 қызметкер ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында білім алуда,
-
4 қызметкер – «Болашақ» бағдарламасының түлегі,
-
Президенттік жастар кадрлық резерві аясында жаңа буын мамандар мемлекеттік басқару жүйесіне тартылуда.