Биыл Абдолла Жұмағалиевтің туғанына 110 жыл толды. Біз Абдолланың ақын екенін жақсы білеміз. Оның батырлығын мойындап, соғыста барлаушы болғанын да жарыса жазып жүрміз. Ал адами тұрғыдағы оның сыршылдығы мен нәзік болмысын көз көрген ақын – жазушылар талай мәрте тілге тиек етті. Биыл Алматы қаласына сапарым барысында Абдолланың көп айтыла бермеген мұғалімдік қасиетін нақ сипаттайтын 1965 жылғы өзінің шәкірттері жазған мақалалары көзіме оттай басылды. Солардың жазбалары арқылы ақынды жаңа бір қырынан сипаттап көрсем, деп қолыма қалам алып отырмын.
Аоматыға барып, архив құжаттарын ақтарғанымда 1965 жылы 29 июльде «Қазақстан мұғалімі» газетінің №31 санында жарық көрген «Абдолла менің ұстазым» атты №7 кешкі мектеп директорының орынбасары Т.Байтауов деген ағамыздың жүрек жарды мақаласына кезіктім. Сол мақалада «Абдолла алдында міндетті жанның бірі менмін. Мен оның жақсы көретін шәкірттерінің бірі болсам, менің де жақсы көретін ұстазым болатын» — депті. Шәкірті Абдолланы ұстазы ретінде мақтанышпен айтып беріпті. Мақала авторы ағалы – інілі болып араласқанын, оның айтқан әрбір ақылдарын сол күйі қағаз бетіне түсірген. «Я, Абдолла нағыз ақын дарын иесі еді, оған талас жоқ, сонымен қатар ол нағыз педагог та еді. Сенен сауда қызметкері шықпайды, сенен жақсы мұғалім шығады деп, бір жылдық мұғалімдер курсына апарып түсірді», дейді. Сонда Абдолла шәкірттеріне нағыз жол сілтеп олардың мамандық таңдауларына да ықпал еткенін білдік. Мақала соңында автор Аболланың өз сөзін келтіреді. Мәтінге үңілсек, «Әр уақытта өзіңді шәкіртіңнен артық санама, әр дайым оның жанашыры, досы, сырласы бола біл, сонда ғана жас ұрпақтың жүрегіне жол табасың. Ақырып, жекіріп, қорқытып, бала тәрбиелеймін деу – әлсіздік, надандық, шынын айтсақ ақымақтық. Адамның жүрек сезімі – гүл болса, ол тікенекті қабылдамайды. Әдебиетті сүйетін оған мықты жаны ашитын, оның тәрбиелік мәнін жақсы түсініп, халқына адал қызмет етуге ынтазар адамға тапсыру керек» депті. Келесі естелікті «Ұстазым еді» деген атпен 1965 жылы Шымкент облысы Шаян ауылының тумасы Жүзтай Қауымбаев деген ағамыз «Қазақ әдебиетіне» жазыпты. «1934 жылы мен Арыс қаласында С.М.Киров атындағы он жылдық мектепте оқыдым, сонда менің ең жақсы көретін мұғалімімнің бірі Абдолла Жұмағалиев еді. Абдолла сыпайы киінетін, әдепті, мінезді кісі болатын. Әдебиет сабағында өлеңдерді жатқа оқитын, тақпақтап кетуші еді. Сондықтан ол кісінің сабағы өте әсерлі, қызықты өтетін. Оның туған әдебиетті жанындай сүйетіні көрініп тұрушы еді. Әдебиет үйірмесін жүргізіп, ол Горькийдің, Сәкеннің, Янко Купаланың шығармаларын, Тайырдың «Күн тіл қатты» поэмасы мен «Жолды салған қандай ер» деп келетін өлеңін біз тұңғыш рет Абдолланың аузынан естіп, көңілімізге мәңгі ұялатқанбыз!» деп тебіренеді.
Абдолла туралы жазылған мақалалар мен оның латын қарпінде шыққан өлеңдері Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек қор бөлімі мен әдебиет бөлімдерінен алынды. Осы орайда Ұлттық кітапхана қорынының қызметкерлеріне алғыс айта отырып, толық нұсқаларын алда шығатын жинаққа салатынымызды қаперге бергім келеді.
Айнагүл Ойшыбай, С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі