Тұрпаты өзгерген «Республикалық командалық айтыс» арасында сахнаға шығатын эпикалық сюжетті шығармалардың насихатшысын жыршы, ал «ақын, нақыл, өсиет» түріндегі шағын жанрлық түрдің (терме, толғау, аңыз, мысал, арнау, хикая, хат-өлең, көңілқос т. б.) жеткізушілерін термеші деген атаумен сахнаға шығару көңілге қонымды,әрі ғылыми негізді. Өйткені «жырау» сияқты анахронизмге айналған, заманауи өнерпаз санатына телуге келмейтін терминнен саналы түрде аяқ тартып, оңды-солды қолдана беру арқылы былайғы жұрттың жадын жаңылыстырмаған дұрыс. Эпикалық сюжетті, көлемді жырларды айтушыларға әрі кетсе эпик жыршы деген терминді телуге болады. Ал термешінің өзі эпикалық репертуарды алып жүретін тұлғаға жақын, осы санаттағы белді атқарым иесіне лайық атау екенін ескеру қажет. Әрине, негізінен әуенге, әуездің саздылығы мен сұлулығына басымдық берілетін әннен гөрі сөзге ден қойылатын, музыкалық формасы, интонациялық кескін-кейпі табиғи, еркін речитативті жанрдағы термешілік өнердің ұңғыл-шұңғылына қоса, ішкі психотехникалық ерекшеліктері көп. Сол үшін де кейде бұл жанрдың насихатшылары арасында әнші-термеші деген қосарлы термин қатар айтылады. Көп жағдайда, осы аралық дәстүр өкілдері екі жанрға қатар қызмет ете береді. Бұл жолы төр Алтай сахнасын терме әуенімен толқытқан қос өнерпаз да күрделі әнші-термеші санатынан болып шықты.
Мәселенің тамырына тереңірек үңіле түссек, кейінгі ғылыми пайым бойынша «терме сазы»атанып жүрген әуендер бір заманда күрделі эпикалық шығармаларды қостаған келелі саз-сарындардың сарқыты екенін айту орынды. Рас, қай терме әуені болсын, көбінесе он бір немесе жеті буынды жыр өлшемін қостауға негізделеді. Әуендік табиғаты мен мінездеме ыңғайына сәйкес, сөздің мән-мағынасы, сюжет орайына қарай түрлі көңілді, мұңлы бейнелерді кейіптеуге көмекке келетіндіктен де, бұл үлгі түп тамырында күрделі эпикалық өзекпен тікелей байланысты. Тіпті, ажырағысыз деңгейде деуге де болады. Қалай десек те, белгілі бір терменің мәтінін нақты бір саз желісіне таңып, тұрақтандырып айтуды «дұрыс» санайтын түсініктің өзі қисынға келе бермейді. Өйткені, халықтың ауыз әдебиетіндегі сыртқы тұрақтылық әуенді ішкі динамикадан, яғни импровизациялық үдерістен айыру арқылы қарабайыр күйге түсіреді. Әрине, мұның жайы былайғы тыңдарманға түсініксіздеу болуы мүмкін. Жалпы, терме әуендері еркін импровизациядан бастау алатындықтан, түрлемені шектеп, тұрақтандыру арқылы белгілі бір шегенді қалыпжасау — териялық және тәжірибелік тұрғыда айтушының қиялын шегендеп, түрлі шектеуге алып келері анық. Бұл тұрғыдан келгенде, қарағандылық Дәуренбек Әркенов нағыз бесаспап айтушының өзі. Ол бұл жолы сахнаға домбыраның қостауымен шықты. Негізі, дыбыс қатары тұрақты баян аспабын да шебер меңгерген. Әсіресе, баянның сүйемелімен айтқан термелерінен интерпретацияның ғажап үлгілерін кезіктіруге болады. Ол сахнаға эпик ақын, кеңқиялық Қайып Айнабекұлының «Атаң болса, анаңмен…» деп басталатын халық арасында көп айтылатын, белгілі термесімен шықты.
Айтушының шеберлігі сонда, ол үшін өзіне дейін сан мәрте қайталанып, таптаурын болған қай шығарма болсын, басқа қырынан жасандырып шығу онша қиын шаруа емес. Тек терме ғана болса екен, Дәуренбек ән өнерінде де солай. Ол айтып, жеткізген шығарманың өзегіндегі иірімнен үр жаңа өрнектер қатары өріліп тұрады. Сөз жоқ, айтушы кемеліне келіп, белгілі бір биік белесті кемерлеген тұста көмейінен құйылған әрбір дыбыс белгілі бір формаға түсіп, «тұрақтанды» дегеннің өзінде, әр айтқан сайын түрленіп, құбылып тұратыны сондықтан. Туыстық қарым-қатынас жайындағы өміршең өлшемдерді салыстырып, салғастыру арқылы жақсы мен жаман санатының көрікті көрмесін жасап, сол арқылы өзіндік өлшем, өмір сүру қағидатын ұсынатын аталмыш терменің әрбір қағыс, қайырымының өзі тыңдаушының санасына қорғасындай құйылып, сол күйі қатып, семіп, белгісі бекіп қалып жатқанда мен оның сахналасының жайын ойладым. Егер ендігі айтылатын шығарманың бәсі мұнан бір мысқал төмен тартатын болса, оны көп алдында ақтап алу да оңай шаруа бола қоймасы анық. Дәуренбектің домбыра сүйемелі, әрбір буынға жүк түсіретін әуен мен сөздің жымдасқан бірлігі қайыстай өріліп, таңдайынан өмірлік фәлсапа болып құйылған сайын, тыңдарман жалданып, көтерме көбейе бастады. Сөздің соңы «Айтыңдаршы, ағайын, осы ақылым кімнен кем?» деп күрмегенде жұрт ду ете қалды. Содан соң бір сәт атшаптырым залда су сепкендей тыныштық орнады.
Сахнаға баянын өңгеріп шыққан шығыстық термеші Талант Мәжитов дәстүр жолымен сәлемдесіп, сөзін өрбіте келе: «Сіздердің құрметтеріңізге Хамит Балшабектің «Терме де, терме, терме бар» атты «Т» термесін тарту етейін», — дегенде еріксіз елең еттім. Құлаққа түрпідей тиетін мына атауды неге қолданып отыр екен? Мұның жайына термешілерге қатысты пікір білдірген кезде ерекше тоқталдым. Бір ескерерлік жайт, жалпы қай терме болсын, автор тарапынан ат қойылып, айдар тағылмаған жағдайда, оны бастап тұрған алғашқы жолды немесе сәтті шыққан кез-келген тармақты термеге атау етіп алуға болады. Мына шығарманың «Терме де, терме, терме бар» атты кіріспе жолының өзі атау қызметін ақтап алып тұрған жоқ па? Олай болса «Т» термесі деген қосымшаның керегі жоқ еді. Әрине, бәлкім кезінде автор солай айдарлаған болуы мүмкін. Осының өзі термешінің кәнігі еместігі мен өңірде терме жанрының өріс алып, дамып кете алмай тұрған жайынан хабар беретін фактор.
Ал терменің сазы композитор Серік Бабаханға тиесілі екен. Бұл енді ерекше жағдай. Әрине, термелеу барысында термешінің аспапты меңгеруіанау айтқандай тым шебер еместігі білініп қалып отырды. Дегенмен, «ә» дегеннен терме сазын толқытып, бірден әуелетіп ала жөнелді. Шалысұйқасқа құрылған өсиеттің бесінші жолында «Ей» деген қаратпа сөз арқылы тікшірқау әуенге ауысып, сол кемерде тұрып мәтіндік болмыстың мән-маңызын ашып, сатылап түсу арқылы, әуелгі бастау негізге қайта оралғанда мына замауи саздың ән мен терме әуенінің шегіндегі аралық дәстүрге негізделген сәтті туынды екені түсінікті болды. Аталмыш ерекшелік шығарманың өн бойында екі мәрте қайталанған соң күрмеліп, ән табиғатына жақындығын аңғартып өтті. Шынын айту керек, қазір заманауи терме сазы тым сирек. Мұның бір себебі, осы бағытта еңбектеніп жүрген сазгерлердің жоқтығынан. Екіншіден, мұндай сазды туындату үшін авторға белгілі бір дайындық деңгейінен өту арқылы дәстүрлі әуендер өрнегін сіңіру керек екенін білдірсе керек. Ал төр Алтай сахнасында тұсауы кесіліп, тыңдарманның танымына жанаса кеткен мына шуақты әуен, сөз жоқ, әлгі талаптың біразына жауап бере алатын сәтті туындының қатарынан екеніне көз жеткіздік.
Сөз жоқ, әнші-термеші Дәуренбек Әркеновтің сахналық деңгейі, өнерпаздық бітімі қай жағынан, қалай алып қарасаң да өлшеусіз биік тұр. Қанша айтқанмен сахнаға әбден төселген, репертуарын елдің алдына ерекше талғаммен алып шығатын сиректің бірі ғой. Алайда, терме өнері селдіреп тұрған Шығыс Қазақстан өңірінде айтылған мына соны сөз, тосын әуеннің де өзіндік бағасы берілуі тиіс. «Байдың қызында да болатын азын-аулақ кемшіліктеріне» қарамастан Талант осы жолы, шеберлік жағынан болмаса да, талай топта оза шауып, төселген тарланмен соны репертуар көрсету арқылы ат құлағын теңестірді. Мұның жайын тыңдарман қауымның «тең, тең» деп дуылдата соққан қошемет шапалағының жаңғырығы да анықтай түсті. Қалай болғанда да, төр Алтай сахнасында шырқалған әлгі заманауи терменің жылы қабылдануы — Шығыстағы термешілік дәстүрдің ізі толық көмес тарта қоймағанын аңғартты. Сол арқылы өңірдегі осы өнер түрін қайта жаңғыртып, жаңа буын айтушылар легін қалыптастыруға болатынына көз жеткіздік. Ол үшін қазақ мәдениетінде орны бөлек, музыкалық фольклор түрлері ерек, архаикалық сипатымен ден қойғызатын өңірдің музыкалық мұрасын фольклорлық-этнографиялық экспедициялар арқылы қайта сүзіп өтіп, кезінде жиналып, көп жылдан бері мұрағат мүлкіне айналып, құрсаулар құшағында жатқан мақам-саз үлгілерімен беттестіре отырып, аймақтың эпикалық саз-сарындарын қайта түлетуге нық қадамдар жасалуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жолға қойып, өлкедегі тамыры тартылып бара жатқан терме айту дәстүрін қайта түлету үшін «Шығыс Қазақстан өңірінің музыкалық фольклоры» деген тақырып аясында музыкалық-этнографиялық жинақ жасап, сол арқылы қоламтаны қоздату керек. Сонда ғана халықтың өшкені жанып, өлген тірілері хақ.
Көптің көкейіндегісін дөп басқан «Республикалық командалық айтыстың» екінші кезеңі өзін мүлдем басқа қырынан көрсете бастады. Заманауи айтыс, соның құрамына топтасу арқылы үйірін қайта тапқан дәстүрлі бес өнер түрі — бас асыл жайында сөз өрбіткенде заманауи менеджмент аталып жүрген жүйелік басқарудың еркіндегі түйткілдерді айналып өте алмаймыз. Осындайда ғасырлар қойнауынан шеру тартқан ән, күй, жыр, терме секілді ұлттық өнер санатындағы құнды мұраларымызды сауатты тыңдарманымен қайта қауыштырып, тыңдата білудің ғылымижүйесін, оның технологиясы мен әдістемесін жасай алмай келе жатқанымызды амалсыз мойындауға тура келеді.
Бізде осы саладағы маркетинг мәселесімен жүйелі айналысып, сол арқылы халықтың талап-тілегін іске асырып отырған құзырлы мекемелер жоқтың қасы. Жасыратыны жоқ, соның міндетін Аманжол Әлтай атқара бастағаны қуантады. Өйткені, дәстүрлі өнер өз алдына тыңдарман жинай алмайтын жағдайға жеткені жасырын емес. Ал бүгінгі заманауи айтысөзіне етене әлгі халықтық өнер түрлерін қайта түлетіп, бұл қызмет түрін интеграциялап, ізіне қараеріткен қамқоршыға ұқсап кетеді, кейде маған.
Берік ЖҮСІПОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымдарының кандидаты, өнертану
доценті, фольклортанушы ғалым, эпик жыршы

Фото: madeniportal.kz

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *