Сыр бойы: Қармақшыда 66 тарихи-мәдени ескерткіш сақталған
Қызылордадағы Қармақшы ауданы бойынша бүгінгі күні 66 тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Оның ішінде 6 республикалық маңызы бар, 58 жергілікті маңызы бар, 2 алдын-ала тізіміне алынған тарихи-мәдени мұра обьектілер бар. Бұл жәдігерлер халқымыздың рухани құндылығына айналған киелі орындар ретінде ерекше маңызға ие.

Жетасар оазисі ескерткіштері — тарих тереңіндегі құнды мұра.
Қармақшы өңіріндегі Сыр бойының көне өркениет ошақтарының бірі – Жетіасар оазисі. Бұл тарихи-мәдени ескерткіштер кешені Сырдарияның төменгі ағысы мен Қуаңдария бойында орналасқан ежелгі қоныстар мен қалашықтарды қамтиды. Жетіасар оазисінде кезінде қамал-қалалар, бекіністер мен тұрғын орындар орналасқан. Олар ежелгі қаңлы тайпаларының өркениетімен тығыз байланысты және Ұлы дала мәдениетінің дамуын айқындайтын маңызды тарихи аймақтардың бірі болып табылады. Бұл көне өркениет іздерін сақтаған тарихи аймақ аудан көлеміндегі 13 асар ескерткішін қамтиды. Олардың қатарында Жетіасар, Үлкен Қосасар, Жалпақасар, Базар асар, Томпақасар, Бидайық асар, Бұзық асар, Тік асар, Құрайлы асар,Қаралы асар, Жоласар, Кіші қос асар секілді көне қоныс орындары бар.
Аталған ескерткіштер ежелгі дәуірдегі қоныстану мәдениетін, қорғаныс жүйесін және Сыр өңіріндегі өркениеттің даму ерекшеліктерін айқындайтын маңызды тарихи нысандар болып табылады. Бұл асарлар – ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінен сыр шертетін баға жетпес археологиялық мұра.
Фото: Қармақшы ауданы әкімдігі











