Балалардың судағы қауіпсіздігі: Ата-аналар нені білуі керек?
Жаз мезгілінің басталуымен балалардың су айдындарында демалу белсенділігі артады. Алайда дәл осы кезеңде судағы қауіпсіздік мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, балалардың суда қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты – үздіксіз бақылау мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау.
Маманның сөзінше, балалар тек рұқсат етілген және арнайы жабдықталған су айдындарында ғана шомылуы тиіс. Бейтаныс жерлерде суға түсуге немесе сүңгуге болмайды.
Сонымен қатар балалар үшін үрлемелі матрацтар, автомобиль камералары немесе үлкен үрлемелі шеңберлер қауіпсіздік құралы болып саналмайды.
Судағы балалар, тіпті бассейнде жүрген жағдайда да, әрдайым ересек адамның қол созым қашықтығында болуы керек. Ата-аналар телефонға алаңдамауы, кітап оқымауы немесе әңгімеге берілмеуі қажет. Балада үрлемелі шеңбер болғанның өзінде бақылауды тоқтатуға болмайды, – дейді Айгүл Шағалтаева.
Оның айтуынша, балаларды шомылдыру үшін түбі тексерілген, құтқарушылары кезекшілік атқаратын жабдықталған жағажайларды ғана таңдау қажет. Жүзуді білмейтін балалар үшін олардың салмағына сәйкес келетін сапалы құтқару жилеттерін пайдалану ұсынылады.
Сондай-ақ күннің өтуінен сақтану үшін балалар жағажайда міндетті түрде бас киім киюі керек. Суда болу уақыты да шектелуі тиіс. Мәселен, 3 жасқа дейінгі балаларға суда 15-20 минуттан артық болуға болмайды. Ал 3 жастан асқан балалар үшін шомылу уақыты шамамен 30 минутпен шектелгені жөн.
Маман балалар үшін судың температурасы +18 градус Цельсийден төмен болмауы керектігін атап өтті. Егер су температурасы төмен болса, шомылу ұзақтығы 5-6 минуттан аспауы қажет. Бұл баланың ағзасының салқындап кетуінің алдын алады.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті су айдындарындағы судың сапасы қолданыстағы талаптарға сәйкес болуы тиіс екенін еске салады.
Су айдындарындағы судың сапасы халық денсаулығы үшін қауіпсіз болуы керек. Ең бастысы – қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау. Сонда ғана жазатайым оқиғалардың алдын алуға болады, – дейді Айгүл Қошмұхамбетқызы.
Фото: БАҚ.КЗ












