Ақпаратты көп оқимыз. Сол саладағы қырық жылғы қызметтен қалған дағды шығар. Әрі ақпараттарды оқып қоймай, салыстыратынымыз бар. Әлемдегі түрлі мысалға ойша қазақы жағдайды қатар қойып көреміз. Ұтатынымыз бен ұтылатынымыз содан байқалмақ. Футболдан Испанияның 2025-26 жылғы додосында “Барселона” командасы мәреге жетуге үш ойын қалғанда-ақ чемпион атану үшін мадридтік “Реал” деген командамен ойнайтын болды. Кешкілік өтетін ойыннан бұрын ертеңгілікте “Барселонаның” бас жаттықтырушысы Ханси Фликке Германиядан әкесінің қайтыс болғаны жайында хабар жеткен. Сонда Филк шаруаны басқаларға тапсыра салып әуежайға кетпеді.

Команданың шешуші ойынының басы-қасында өзі тұрды. Осы мысал бұған дейін қазақта да болған еді. Атақты әртіс Серке Қожамқұлов баласы қайтыс болған күні сахнаға шығып, өзі бекітілген рөлді ойнаған. Күлу керек болса, күлген. Халық алдындағы жауапкершілік жеке қайғыдан жоғары тұрарын осылай көрсеткен. Мысалдарды әрі қарай жалғастырсақ, “Барселонаның” және бір бәсекелесі мадридтік ”Атлетиконы” баптайтын Диего Симеоне чемпион болған команданың мақтауын келтіріпті. “Жер жүзінде теңдессіз” деген теңеуге дейін аямай беріпті. Бірақ сөзінің соңында “Барселонаны” екі рет менің “Атлетиком” тоқтатты ғой” депті сабазың. Иә, бұл сабаз қазақтың Батырлар жырынан жақсы хабардар сияқты.

“Қобыланды”, “Алпамыс” сынды дастандарда қалай еді? Алдымен дұшпанның батырының күші мен айласы жер-көкке сыйғызылмай мақталатын да, ең соңында соны қазақ батыры жеңе салады. Симеоне көне жыраулардың сол көркемдік тәсіліне қалай қаныққан, ә!? Енді үшінші салыстыру. Өкініштісі осында. “Барселонаны” қала көшелерімен шеруге шығаратын автобусқа әлгі Флик әудем жерден жаяу келді. “Мен чемпион болған команданың бас бапкерімін, автобустың табалдырығына дейін өз көлігіммен жетуім керек” деп кеудесін ұрғыламады. Тәртіп қалай, соны сақтады. Бізде ше… Бізде “Абайлаңыздар, бұл аулада балалар ойнайды” деген белгі қойылған тұсқа абайламақ түгіл жүргізуші куәлігі жоқ адам автокөлікті тізгіндеп, анығында тізгіндей алмай кіріп кете береді. Сығыр көзіміз көретін салыстыруларда қашан мерейіміз үстем тұрар екен…

Қайнар Олжай

Фото: Ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *