Қызылорда: Көне Жанкентте археологиялық қазба жұмыстары жүруде
Қызылорда облысы, Қазалы ауданында ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Жанкент қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарының барысымен, жаңадан табылған тарихи-мәдени жәдігерлермен танысты, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Жанкент қалашығы – Қазалы ауданындағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Қазақстанның ортағасырлық, соның ішінде түркі-оғыз тайпаларының тарихын зерттеудегі маңызды нысан. VІІ–XII ғасырлардағы Сыр бойындағы ірі қалалардың бірі, Оғыз қағанатының астанасы саналған. Мұнда 2014 жылдан бері қазақстандық және шетелдік археологтардың қатысуымен кешенді зерттеу жүргізілуде.
Сапар барысында Ұлттық музейдің басшысы мен облыс әкімінің орынбасары археологтармен кездесіп, жұмыс нәтижелерін жоғары бағалады. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру, табылған жәдігерлерді сақтау мен музейлендіру жолдарын талқылады. Қазба барысында табылған жәдігерлер ортағасырлық кезеңнің сауда, мәдениет және діни салттарын зерттеуге тың серпін береді.
Облыста 567 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған, оның 31-і республикалық, 256-ы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген, 280 нысан алдын ала есепке алынған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансұлттық номинациясы бойынша Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Жетіасар мәдениет ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне енгізу жұмыстарын жүргізуде.
Облыстық бюджет есебінен жыл сайын ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарында кешенді археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, музейлер қоры 10 мыңға жуық экспонатпен толықтырылды. Табылған жәдігерлердің негізінде «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» тарихи реконструкциялары жасалды.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында тарихи-мәдени мұраларды сандық форматқа көшіру және желі қолданушыларына қолжетімді ету үшін 3D форматтағы интерактивті карта (virtualmap.xyz) жұмыс жасайды. Сайт 2018 жылдан бері қолданыста.
Қала, аудан орталықтарына жақын орналасқан республикалық және жергілікті маңызы бар 194 ескерткішке QR-код орнатылып, қонақтар мен туристерге толық ақпарат ұсынылған.
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі