«Қызылорда-Жезқазған»: Сыр бойындағы жол құрылысы аяқталуға жақын
Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» күре жолы біраз жылдардан бері күрмеуі шешілмей келген, халықтың арасында біраз талқыға салынған мәселелердің бірі болған еді. Ел Президенті Қ.Тоқаев «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының құрылысын мерзімінде бастауды және сапалы әрі халыққа қолайлы жағдай жасауды тапсырған болатын, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Осы орайда Қызылорда облысы басшысы Н.Нәлібаевтың тікелей қадағалауымен республикалық маңызы бар жолдың құрылысы қарқынды жүруде. Сыр өңірін еліміздің орталық бөлігімен жалғайтын күре жолдың жалпы ұзындығы – 424 шақырымды құрайды. Ал Қызылорда облысының аумағындағы автомобиль жолының ұзындығы – 216 шақырым. Жоба құны — 108,5 млрд теңгені құрайды.
Құрылыс жұмыстары 5 лот қамтылған, жалпы ұзындығы — 192 шақырым. Айналма жолдардың жалпы ұзындығы — 155 шақырым.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 80% аяқталып, ағымдағы жылдың 5 айдың қорытындысымен 153 шақырым асфальт төселіп, көлік қатынасы тұрақты қатынауда. Аталған автомобиль жолының құрылыс кезеңі 2022-2026 жылдар аралығын қамтиды. Ал жобада 867 адам (10% көлемінде шетел азаматтары) жұмыс істесе, 439 түрлі техника жұмылдырылған.
Бұл жоба — Ресей Федерациясын Орта Азия мемлекеттерімен, Қазақстан Республикасының оңтүстік, солтүстік және орталық аймақтарымен байланыстырады.
Барлығы 424 шақырымды құрайтын жолды жөндеу нәтижесінде тәулігіне көлік айналымы 1500 данадан 6000-ға дейін, жолаушылар саны 3000 адамнан 17 000-ға дейін, жүк тасымалы көлемі 700 тоннадан 3000 тоннаға дейін артады.
Сондай-ақ Қызылордадан Астана қаласына дейінгі жол жүру уақыты 6 сағатқа (15 сағаттан 9 сағатқа дейін) қысқармақ.
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі