Қызылорда: Ұлттық домбыра күнінде оқушылар қоғамдық көліктерде күй орындады
Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктерде жас өнерпаздар Ұлттық домбыра күніне орай күй орындап, жолаушылардың құлақ құрышын қандырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық даму бөлімі Фейсбук парақшасында жазды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
«Қызылордалық жас домбырашылар ұлттық рухты оятқан тамаша бастамамен халықты қуантты. Автобус ішінде күмбірлете төгілген «Балбырауын» күйі жолаушылардың көңілін көтеріп, керемет атмосфера сыйлады. Жас күйшілер осындай игі бастама арқылы ел ішінде ұлттық өнерді дәріптеуге үлкен үлес қосып жүр», делінген жазбады.
Жолаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлаған — Мәдина Ералиева атындағы Қызылорда қалалық мәдениет үйіндегі «Балбұлақ» домбыра үйірмесінің қатысушылары.
«Біз 10 мен 14 жас аралығындағы мектеп оқушыларының бойына қара домбыраның қасиетін сіңіруге тырысамыз. Балалардың ұлттық аспапты үйренуге ынта-ықыласы жоғары. Үйірмеде онға жуық бала бар. Олар бүгін қоғамдық көліктерде Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап, қала тұрғындарының мерекелік көңіл-күйді сезінуіне ықпал етті», дейді үйірме жетекшісі Ару Оспанова.
Бұған дейін қоғамдық көліктерде мәдениет үйіне қарасты әжелер ансамблі өнер көрсеткен. Осы жолы шығармашылық ұжым өздерін басқаша қырынан көрсеткісі келіп, балалардың өнерін ортаға салды.
Айта кетейік, Қызылордада Ұлттық домбыра күніне орай Мырза Тоқтаболатұлының 175 жылдығына арналған «Сыр толқыны» атты II республикалық күйшілер байқауы да өткен болатын.
Фото: Видеодан кадр