Қызылорда қаласының сол жағалауында аймақ тарихындағы ең ауқымды спорттық нысандардың бірі салынуда. Жалпы құны 20,9 миллиард теңгені құрайтын нысанның құрылыс жұмыстарымен өңірде жұмыс сапарымен болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұра Әбенов, Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев танысты. Футболшылармен кездесіп, ұсыныс — пікірлерін тыңдады.

«UEFA» талаптарына сай салынып жатқан жаңа стадион жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда. Сыйымдылығы 11 мың орынға шақталған. Құрылыс қарқыны жоғары. Трибуналардың металл конструкциялары орнатылып, қабырғалар, ішкі бөлмелер мен сыртқы витраждар қаланған. Қазіргі таңда футбол алаңын жабдықтау, ішкі әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Стадион ғимараты маңында 238 орындық автотұрақ алаңы, 40 орындық VIP автотұрақ, автобусқа арналған 4 автотұрақ орналаспақ. Жаңа стадион футболшылар үшін ғана емес, қала тұрғындары үшін де тиімді болмақ.

«Стадионда тек кәсіби футболшыларға ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары, жастар, балалардың да спортпен шұғылдануына мүмкіндіктер қарастырылуда. Мұнда бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика, таеквондо және фитнес залдары бар. Осы залдарда біздің болашақ чемпиондарымыз жаттығып, шынығып, өз өнерлерін шыңдап, халықаралық ареналарда Қазақстанның атын паш ететінін болады»,- дейді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев.

«Президент Бурабайда өткен «Ұлттық құрылтайда» футболға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Қызылорда облысы сол тапсырмалардың негізінде алғаш болып УЕФА классификациясы бойынша ІІІ санатты, сондай-ақ, халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін жаңа стадион құрылысын бастап, қыркүйек айында өтетін үлкен ойынға дайындық үстінде. Сондай-ақ, облыстық әкімшіліктің ұстанымымен облыстың «Қайсар» футбол командасы алғаш рет легионерлерсіз ойнап, өзіміздің қазақстандық спортшыларға қолдау көрсетуде. Көпшілік ойын болғандықтан футболды насихаттауымыз қажет. Сонда жастардың ойынға деген қызығушылығы артады», — деді фракция мүшесі Мұрат Әбенов.

Кездесуде футбол командасының өкілдері халық қалаулыларына аяқдоп саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді баяндады. Соның бірі – легионерсіз ойнау барысында жауапты азаматтар тарапынан туындаған жағдайлар. Футбол командасының басты мәселелерін фракция мүшелері Парламентте көтеретінін жеткізді.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *