Біздің Орал қаласында Сергей Тюленин атында көше бар. Негізі оның біздің өңірмен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

Иә, ол ерлік жасады. Ол комсомол болып өлді. Оның атында Ресей елінде көше де, ескерткіш те бар, жетерлік. Ал біздің қалада кешегі совет өкіметінің ықпалымен көшенің атауы берілді. Ендігі күнде Сергей Тюлениннің атындағы көшені алып тастайтын уақыт туды. Оның орнына өз еліміздің батыры, жерлесіміз Ғұбайдолла Әнестің есімін беру керек!

Ғұбайдолланың ерлігі өзінің Ресейі үшін күрескен Сергейден асып түспесе, еш кем емес! Сергей Тюленин Қазақ Елінің тәуелсіздігі үшін не істеді? Түк те істеген жоқ! Бұл тарихи шындық! Ал Ғұбайдолла Әнес бүгінгі азаттығымыз үшін күресті, осы жолда жанын пида етті. Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағына комсомол Сергей Тюлениннен гөрі ұлтшыл, Алаш қайраткерлерінің ізбасары Ғұбайдолла Әнестің тұлғасы жақын, соның ерлігімен тәлім-тәрбие беруге болады.

Сергей Тюленин, ұлты орыс, 1925 жылы, Орлов облысының Киселево деревнясында туған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі «Молодая гвардия» астыртын комсомол ұйымында мүше болып, фашистерге қарсы күрес жүргізген. 1943 жылдың 1 наурызында азаптаудан өлген.

Ғұбайдолла Әнес, ұлты қазақ, 1923 жылы БҚО-ның Қазталов ауданы, Жалпақтал ауылында туған. 1940 — 1941 жылдары Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетінің бірінші курсын тәмамдайды.

Ғұбайдолла астыртын құрылған «Қазақ Халқын қорғаушылар одағының» жетекшісі. 1941 жылдың 13 қаңтарында ату жазасына кесіліп, ол үкім 1943 жылдың наурыз айында орындалады.

Орал қаласында Ғұбайдолла Әнестің атында көше керек! Ғұбайдолла бастаған, қазақ ұлтының болашағы үшін күресіп, жас өмірлерін қиған 14 жігітке арнап жақсы бір ескерткіш орнатсақ тіпті асыл!

Мен С.Тюленин атындағы көшені тәуелсіз Қазақ Елі үшін жанын берген Ғұбайдолла батырымызға беру керек деп есептеймін, биліктен осыны талап етемін! Қазақстанның билігі, жергілікті билік тәуелсіздік үшін құрбан болған оғланның атын дәріптейді ме екен, әлде советтік, комсомолдық, қазақ елі мен жеріне еш қатысы жоқ жанды жақтар ма екен? Қане, мені кім қолдайды?

Мұнайдар Балмолда, журналист

Орал қаласы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *