Қызылордада 10 вокзал қайта жаңғыртудан өтуде
Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарына жұмыс сапарымен барып, теміржол вокзалдарын күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көрді, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Ауқымды жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан Темір Жолы» АҚ. Алдымен аймақ басшысы «Тереңөзек теміржол вокзалын күрделі жөндеу және аумағын абаттандыру» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға назар аударды. Жоба бойынша перронды жарықтандыру, брусчатка төсеу, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, көгалдандыру, темір қоршаулар орнату және гранит тастармен әрлеу қарастырылған. Жалпы аумағы 274 шаршы метр болатын ғимарат құрылысы осы жылдың тамызында басталып, желтоқсанда аяқталмақ.
Жалағаш ауданында бұрынғы теміржол пункті қайта жаңғыртылуда. Ескісі бұзылып, заманауи вокзал салынады. Сондай-ақ перронды абаттандыру және жарықтандыру жоспарланған.
Мердігер мекеме ескі пункттің орнын тегістеуде. Аумағын абаттандыру үшін Жалағаш кенті әкімдігінің теңгеріміндегі жер учаскесі «Қазақстан Темір жолы» АҚ Қызылорда облыстық филиалына берілуде. Жобада жаңа үлгідегі ғимарат, перронды абаттандыру және жарықтандыру қарастырылған. Жосалы кентіндегі 1904 жылы салынған теміржол вокзалында да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта шатыр ашылған, ішкі бөлмелер демонтаждалып, қасбеті қапталуда.
Төретам теміржол вокзалында да жөндеу және аумағын абаттандыру қарқын алған. Құрылыс алаңы қоршалып, эскиздік жобаға сәйкес қасбетті жылу сақтағыш материалдармен және травертинмен қаптау, шатырды жаңарту жұмыстары басталған. Ішкі бөлмелердегі гипсокартон мен кафель бұзылып бітті. Қазір құрылыс алаңында 13 адам еңбек етуде.
Әйтеке би кентіндегі теміржол вокзалы 1903 жылы салынған. Тарихи ғимарат соңғы рет 2013 жылы жөнделген. Қайта жаңғырту жұмыстары шатырды ауыстыру, есік-терезелерді жаңарту, электр және жылу жүйелерін ішінара жөндеу, аумақты абаттандыруды қамтиды. Жаңғырту кезінде ғимараттың тарихи келбеті сақталады.
Келесі нысан – «Арал теңізі» теміржол вокзалы 1904 жылы пайдалануға берілген. Бұл нысанға 2013 жылы соңғы рет күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Қазіргі таңда ғимарат толықтай қайта жаңғыртылуда.
Айта кетейік, елімізде 100 теміржол вокзалын жаңғырту қолға алынған. Оның 10-ы – Қызылорда облысының аумағындағы ғимараттар. Өңірдегі теміржол вокзалдарын күрделі жөндеу үшін шамамен 5,0 млрд теңге қаржы қажет. Жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелер «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-мен келісімшартқа отырды.
2023 жылы Қызылорда қаласындағы ғасырдан астам тарихы бар вокзал мен аумағы толықтай жаңғыртудан өтті. Жобаның жалпы сомасы 577 млн. теңге, оған«Қазақстан Темір Жолы» компаниясы 322 млн теңге және жергіліктікәсіпкерлердің демеушілігімен 255 млн теңге қаржы бөлінді. 1905 жылы салынған бір қабатты вокзалға күрделі жөндеу жүргізіліп, бүгінде заманауи талаптарға сай бейімделді.
Қасбеті травертин плиталарымен қапталды, шатыры жаңартылды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған пандустар орнатылды. Сонымен қатар суағар, су, кәріз және жылу жүйелері жөнделіп, қала жақ беті көгалдандырылды. Ішкі бөлмелері де толықтай жөнделді. Бұдан бөлек, екі жолаушылар платформасына асфальт төселіп, төрт тірекке 10 жарық шамы орнатылды.
1969 жылы салынған екінші нысан да жаңартылды. Әкімшілік ғимараттың қасбеті әрленіп, есіктері, 200 шаршы метр шатыр ауыстырылды. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен перрон мен автотұрақ асфальтталып, жарық шамдар қойылды. Сол аумақтағы нысандардың қасбеті де заманауи келбетке ие болды.
Бұл жұмыстар аймақтағы көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі