Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Аймақ басшысы Конституцияның 30 жылдығымен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ауқымды өзгерістерге тоқталды.

«Конституция – тәуелсіздігіміздің ең басты тірегі, мемлекеттігіміздің кепілі. Ата Заңды ардақтау – келешекке керуен тартқан мемлекетіміздегі әрбір азаматтың асыл парызы. Біз осы реформалар арқылы саяси жаңғыруға, «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстанды құруға қадам басып келеміз.

Алаштың анасы» атанған қасиетті Сыр өңірі Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен қарқынды даму жолына түсті. Биыл облысымыздың бюджеті 823 млрд. 400 млн. теңгені құрап, 2022 жылдан бері 226 пайызға өсті. Бұл қаражат аймағымыздағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды.

Халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды ірі инфрақұрылымдық, инвестициялық жобалар қарқын алды. Соңғы 3 жылда өңір экономикасына 1 триллион 600 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды. Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен үш жылда құны 98 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын 45 жоба іске асырылып, 1 400 тұрақты жаңа жұмыс орны құрылды.

Биыл 631 млрд. 400 млн. теңгеден астам инвестиция тартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде, 7 айда 351 млрд. 800 млн. теңге инвестиция тартылды. Жоспардың орындалуы бойынша Қызылорда облысы республикада бірінші орында.

2025-2028 жылдары аймақта құны 2 трлн. теңгеге жуық 89 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 302 млрд. 500 млн. теңгеге 27 жоба іске қосылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Әділетті, Озық, Таза, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанның іргесі қалануда. Егемендігіміз баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгілік, Ата заңымыз тұғырлы болғай!», – деді Н. Нәлібаев.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында еңбекте жоғары нәтижеге қол жеткізген жерлестеріміз марапат төрінен көрінді. Еңбек ардагері Кеңесбек Махамбетовке «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағы беріліп, бірқатар азаматқа мерекелік медаль табысталды. Сонымен қатар, әртүрлі сала мамандары Қызылорда облысының Құрмет грамотасы және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *