Темірдің тілін тапқан…
Бүгінде елімізде ерекше қажеттіліктері бар жандарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттің басты мақсаты – инклюзивті қоғам қалыптастыру. Қоғамға пайдасын тигізіп, өзгеге демеу болып жүрген жандар арамызда аз емес. Солардың бірі – Қостанай қаласының тұрғыны, темірдің тілін тапқан шебер Азамат Елемісов.
Ол бүгінде өзінің шеберлік қырын жанашырлықпен ұштастырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың арбасын жөндеумен айналысады. Қостанайдағы шағын шеберхана – жүздеген адамның үмітін оятқан орын. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбалар құрастырылады, жөнделеді. Азамат Елемісовтің айтуынша, темір бұйымдармен жұмыс істеу – жан дүниесіне жақын іс.
– Бұл жерге 2023 жылы келдім. Алғашында қандай жұмыс болады деп сұрағанымда, мұнда арба жөндеу ісі ашылатынын естідім. Содан «Мен дәл осы жұмысты істегім келеді» дедім. Өйткені өзім бұрын токарь да, слесарь да болдым, машинист көмекшісі болып та еңбек еттім. Қолға кілт алып, бұрау, құрастыру маған етене жақын іс. Қазір біз Қостанайдың емес, басқа өңірлердің де сеніміне ие болып жүрміз. Атыраудан да, Талдықорғаннан да хабарласатындар бар. Дегенмен, әзірге тек облыс көлемінде қызмет көрсетеміз, – дейді Азамат Елемісов.
Шебер ай сайын орта есеппен 25-30 арбаны толықтай жөндеп шығады. Бұл оның тұрақты әрі тиянақты еңбегінің айғағы. Жылдық жоспар бойынша 250 арбаны қалпына келтіру көзделген. Әрине, мұндай ауқымды істі Азамат жалғыз атқармайды. Оның жанында қолынан іс келетін шәкірті бар.
– Алғашында мұнда жай көмектесуге келдім. Кейін жұмысқа шақырды, келістім. Өйткені өзімнің осы салаға қызығушылығым бар. Кейде қиындық болады. Мысалы, бірде мойынтіректі шығара алмай әурелендім. Сонда Азамат кіріп келіп, әп-сәтте жасап берді. Сол сәттен бастап оның шеберлігіне, жауапкершілігіне көзім жетті, – дейді шәкірті Самат Башеев.
Азамат үшін бұл – жай ғана жұмыс емес. Ол шәкірт тәрбиелеуді де өзінің парызы санайды. Темірді түзетумен қатар, ол жастардың қолөнерге деген құштарлығын арттырып жүр. Шебердің қолынан шыққан арбалар сапалы, ыңғайлы әрі ұзаққа шыдамды. Сондықтан да тұтынушылар Азамат еңбегіне дән риза.
– Алғаш арбаны сатып алғанымда оның дөңгелегінде шинасы жоқ, қаптамасы сынған, мойынтіректері дұрыс болмаған еді. Жарты жылдай қолданылмай тұрды. Кейін Азаматқа алып келдім. Ол небәрі екі күнде арбаны жөндеп, әдемі етіп берді. Қазір сол арбаны қолданып жүрмін, өте ыңғайлы. Бұдан бөлек тағы бір қосалқы арбам бар, оны да Азамат жөндеп берген, – дейді тұтынушы Бағдат Таңатханов.
Азамат Елемісов бұл істі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тегін атқарып жүр. Яғни ерекше қажеттіліктері бар жандардың арбасын қайта құрастыру үшін олардан ақы алмайды. Бұл қарапайым шеберліктің ғана емес, шынайы жанашырлықтың көрінісі. Оның еңбегі тек темірді түзету емес, адамдардың сенімі мен үмітін қайта тірілту. Арбаны жөндеп қана қоймай, ол адамдардың өмірге деген құлшынысын арттырады.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ, Қостанай қаласы