Кафедрадағы менің жалғыз досым — Ғабит! Қалғанының бәрі аға-апа, іні-сіңілі, әріптес және шәкірттер.

Кеше Бағдат ағай туралы толғадым ғой. Сол профессор Кәрібозұлының үлкен үміт артқан ізбасары да — осы ғалым Габит Туякбаев. Мойындау керек, ол — біздің арамыздағы ең ізденімпаз, тіршілігіне ең тиянақты адам. Өзін мойындатудың, өз деңгей-дәрежесіне лайық өмір сүрудің хас шебері. Әдебиетті тану бар да, талдау-талғау бар. Бұл тұрғыда да Ғабит көпшілігімізден озық. Талғамы жоғары. Екеуміздің қайшыласып қалған кездеріміз көп екен. Қатар, тете болғасын да шығар… Бәрібір соңында тек достық қалыпты.
Ғабиттің өзін-өзі ұстауына, сыры мен сымбатына, сөйлеген сөзіне, терең көзіне қарап отырып кейде Рахымжан Отарбаевты, кейде Бағдат ағайды, ал, кейде тіпті басқаша жаратылған адамды көремін. Оның тағы бір ерекшелігі — тұлғаның “тауарын тануы”. Кісінің шамасын алыстан біледі. Ештеңе шықпайтын адамға пысқырып та қарамайды. Көп жағдайда өңірдегі ғалымдар ештеңемен шұғылданбайтын боп көрінер. Сондай таптаурынды бұзып, ізденісін жоғалтпаған да осы жан досым дер едім мен. Бұрынағы жылдары Шыңғыс ханның ізімен жүріп, топонимикадан тін тартты. Оның алдында эпистолярлық жанрға түрен салып, бірнеше магистрлік, докторлық диссертациялардың қорғалуына дәнекер болды. Шоқай дәуіріне дүрбі түсірді. 2020 жылдан бері қарай ұстазы Бағдат Кәрібозұлын алдына салып, Сыр бойы фольклорындағы аңыздар мен әңгімелерді біріздендірді. Қазір ол қаншама ғылыми ізденістерге бағдар, азық болып жатыр.
Ерекше ойланатынының тағы бір дәлелі — ол қаузайтын тың тақырыптар. Соның арқасында университетіміз жобасыз қалып жатқан жоқ. Лекциялары да әсерлі өтеді деп естимін. Бұл — үлкен жетістік! Мекемтас Мырзахметовтің Сырдағы көзі де, өзі де — осы Ғабит. Ортақ көп естеліктері бар. Оны Әнешұлымен кең отырып сөйлессең аңғарасың.
Қазіргідей апас-қапас, арсын-гүрсін, бетімен кеткен бейбақ тіршілік перфекционисттерге қиындық туғызуда. Әсіресе, Ғабиттікіндей тура мінезбен, ұсақталмайтын ұстаныммен өмір сүру оңай емес… Сонда да болса, өзгеше ғұмыр кешіп жатыр ол. Жігіт ағасы жасына келсе де, өзін тәрбиелеуден жалыққан емес. Тек түйсігіне сүйенеді. Мықтылық қой.
Досым, Ғабит! Сен есен бол! Сандалған мен сенделгенді сең соққан балықтай қылатын сұсты қалпыңа, турашыл тұлғаңа жасырынып тұрған мейірлі жүрегің барын жұрт білмесе де, мен білем… Елге тілегің маған сыйлаған маржан моншағыңдай аппақ. Ұстазсың!
“Бедеудей белің нәзік, сыртың — сұлу,
Қайырға шыққан түзу құба талдай.
Қаламдай басың қара, шашың — сүмбіл,
Жәудір көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.
Өзіңмен бас қосқанның арманы жоқ,
Жұмақта хор қызымен ойнағандай”,-дей келетін Кете Жүсіп жырын арнап оқыған сәтің жадымнан бір шыққан емес. Екеуміздің өмірімізге шын азық — әдебиет, өлең, классика аман болғай!

Айман Айтбаева

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *