Қазақтан шыққан алғашқы әйел ғарышқа ұшты
Қазақстандық әйел алғаш рет ғарышқа ұшты,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты. Отапдасымыз Данна Қарағұсова New Shepard кемесімен суборбиталық ұшуды жүзеге асырды.
2025 жылғы 8 қазанда Техас штатындағы ғарыш айлағынан Blue Origin компаниясының New Shepard суборбиталық кемесі ұшырылып, экипаж құрамында алғаш рет қазақстандық әйел – кәсіпкер Данна Қарағұсова ғарышқа сапар шекті.
Осылайша, ол ғарышты бағындырған тұңғыш қазақ әйелі атанып отыр.
Экипаж құрамында АҚШ, Украина және басқа да елдердің өкілдері болды. Бұл – Blue Origin компаниясы жүзеге асырған 36-шы туристік миссия. Суборбиталық ұшу қысқа уақытқа созылғанымен, қатысушылар ғарыштың шекарасына жетіп, салмақсыздық жағдайын сезіне алды.
Данна Қарағұсова — кәсіпкер, медиа және ивент саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Ол First Media Group медиа және ивент-холдингінің негізін қалаушылардың бірі. Бұған дейін елімізде ірі шаралар ұйымдастырумен және дистрибуция саласымен айналысып келген.
Қарағұсованың бұл қадамы Қазақстандағы әйелдердің ғылым мен технология, соның ішінде ғарыш саласындағы мүмкіндіктерінің кеңейіп келе жатқанын көрсетті.