Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ басшысы Дональд Трамппен екі күн қатарынан телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме қорғаныс саласы, энергетикалық қауіпсіздік және Ресейдің инфрақұрылымға шабуылдарына қарсы әрекеттер төңірегінде өрбіді, деп хабарлайды BAQ.KZ Euronews-ке сілтеме жасап.

Зеленскийдің айтуынша, келіссөздер «өте нәтижелі» өткен. Тараптар алыс қашықтықтағы қару-жарақ, соның ішінде «Томагавк» қанатты зымырандарын қолдану мүмкіндігін талқылады. Сондай-ақ Украина басшысы Трампты Ресеймен қақтығысты тоқтату және бейбіт келіссөздер жүргізу ісінде делдал болуға шақырды.

Мәскеу Таяу Шығыстағы шиеленістерді өз мүддесіне пайдаланып, біздің қалаларға соққыларды күшейтіп отыр. Сондықтан санкциялық қысым әлсіремеуі тиіс, — деді Зеленский.

Келіссөздер Ресейдің Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына жасаған жаңа шабуылдары аясында өтті. Жексенбіде Мәскеу Одесса облысындағы маңызды нысандарға соққы беріп, бірнеше аймақ электр қуатынсыз қалды.

Украина Энергетика министрлігінің дерегінше, соңғы тәулікте Ресей 118 дрон ұшырған, нәтижесінде 7 адам қаза тауып, 23 адам жарақат алған. Донецк пен Чернигов облыстарында энергетикалық нысандар зақымданып, кейбір өңірлерде жарық пен су беру уақытша тоқтаған.

Зеленский Ресейдің соғысты күшейте түскенін атап өтіп, соңғы аптада Украинаға қарсы 3100-ден астам дрон, 92 зымыран және 1360 басқарылатын бомба қолданылғанын мәлімдеді.

Фото: Ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *