Ақырзаман: Миллиардерлердің қорқынышы неде?
Meta компаниясының негізін қалаушы Марк Цукерберг Гавай аралдарының бірі — Кауаиде 1400 акр аумақта орналасқан Koolau Ranch атты ірі тұрғын кешен салып жатыр. Wired журналының мәліметінше, бұл жобаға жеке энергия көздері мен ұзақ мерзімге жететін азық-түлік қоры бар арнайы жерасты баспанасы кіреді. Құрылысшылар объекті туралы ақпаратты жарияламау жөнінде келісімге қол қойған, деп жазады El.kz интернет порталы.
Кешеннің айналасына дерлік екі метрлік қоршау қабырғасы орнатылған. Бұл сырт көзге жобаның нақты мақсатын жасырып, түрлі болжамдарға жол ашқан. Өткен жылы журналистер Цукербергтен “Сіз шынымен де апат кезінде бас сауғалайтын бункер салып жатырсыз ба?” деп сұрағанда, ол бұл пікірді жоққа шығарып, “Бұл — жай ғана жертөлеге ұқсас шағын баспана” деп түсіндірген.
Алайда қоғамдағы күдік сейілер емес. Цукербергтің Калифорниядағы Кресент-Парк ауданынан тағы 11 нысан сатып алуы және олардың астында шамамен 650 шаршы метрлік жерасты кеңістігі бар деген ақпарат бұл жорамалдарды одан сайын күшейтті.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары техномиллиардерлер арасында табиғи апаттар мен жаһандық дағдарыстарға дайындық мәдениеті белең алып келеді. Әлеуметтік желілердегі ашық өмір салтының артында — қауіпсіздік пен бақылауға ұмтылыс жатқаны байқалады.