Арал: Теңізді өлкеде қос теміржол вокзалы қайта жаңаруда
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ тарапынан вокзал шаруашылығының республика бойынша 125 объектісін қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Аталған жоба аясында, Қызылорда облысындағы Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі темір жол вокзалдарын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған.
Айталық, Арал қаласында орналасқан «Арал теңізі» темір жол вокзалы Орынбор-Ташкент темір жолының құрылысы барысында 1901–1905 жылдары салынып, 1905 жылдан бастап ресми түрде пайдалануға берілген. Аталған ғимарат жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіші ретінде танылған (Қызылорда облысы әкімдігінің 2020 жылғы 4 мамырдағы №28 қаулысы).
Алайда алдын-ала жобалау барысында аталған ғимараттардың тым ескі болуына байланысты, іргетасынан бастап, қабырға тіректерінің әбден тозығы жетуі салдарынан, инженерлік-техникалық тұрғыда күрделі жөндеуден өткізуді тиімсіз деп есептеген. Осыған орай, жергілікті атқарушы орган мен «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ бірлесе отырып, жобалаушы мердігер мекемемен бес ай бойы тиімді шаралар қабылдауға жұмыс істелді. Одан әрі тәуелсіз сараптама жүргізіліп, нәтижесінде аталған ғимараттар апатты деп танылған.
Сонымен бірге, аудан әкімдігі тарапынан вокзал ғимараттарына арнайы аттестациялаудан өткен ғылыми зерттеу орталығымен тарихи-мәдени сараптама жүргізіліп, аталған ғимараттардың тарихи-мәдени маңыздылығын жоғалтқандығын алға тарта отырып, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізілімінен шығарылуға жатады делінген («Археология КЗО» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС). Жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштер тізімінен шығару туралы Қызылорда облысы әкімінің 27.08.2025 жылғы № 169 қаулысы қабылданды. Қазіргі уақытта екі вокзал құрылыстары толықтай бұзылып, жаңа ғимараттарды салу жұмыстары басталды.
Жаңа «Арал теңізі» вокзалының ғимараты екі қабатты болып салынады. Жалпы ауданы – 1102,86 м², биіктігі — 6,3м. Мұнда күту залы, сауда нүктесі, касса, төтенше жағдай кезінде күту бөлмесі, балаларға арналған ойын алаңы, қоғамдық тамақтану орны, отбасы мүшелерімен бірге күту бөлмесі, багаж сақтау бөлмесі, медициналық пункт және т.б кабинеттер жасақталады.
Ал Сексеуіл жаңа вокзалы бір қабатты болады, биіктігі — 4,2м, жалпы ауданы — 459,47 м². Жоспарланған бөлмелер қатарына күту залы, сауда нүктесі. касса, төтенше жағдай кезінде күту бөлмесі, балаларға арналған ойын алаңы, қоғамдық тамақтану орны, отбасы мүшелерімен бірге күту бөлмесі, багаж сақтау бөлмесі, медициналық пункт, вокзал бастығының кабинеті, диспетчерлік персонал бөлмесі кіретін болады.
Фото: Арал ауданы әкімдігі