Арғы-бергі тарихымызды қаузасақ, халқымыздың сүйегіне сөз сіңген, аузы дуалы аймаңдай азаматтары аз емес. Солардың бірі-362 әулиелі киелі мекенде туып,тұла бойын жасынан өнер дерті буып тылсымдармен тілдескен, бойына жаһандық білім-ғылымды жинаған, өзіндік парасат, пайымдарымен, пәтуалы сөздерімен жұртты ұйытқан мемлекеттік сыйлық иегері Айт-Ман ақынды білмейтіндер кемде-кем.
Соңғы кездері жарыққа шықққаны бар, баспаға дайындалып, уақытын күтіп жатқаны бар талай том-том кітаптарын бірыңғайлап қойғасын, көңілін бірлеп, мақсатты сапарларға шығуды әдетке айналдырған. Соңына із тастап ағатын жұлдыздардай оны кең байтақ қазақ елінің бірде шығысынан, бірде солтүстігінен, бірде Сарыарқаның жазығынан көріп қаламыз. Қайда жүрсе де алқалаған әлеуметтің алдында қарға бойлы Қазтуған бабасындай елдік мәселелерді тымақша сілкіп, жаңғыртып, жанға жайлы жылы жаңбырдай себелеп тұрғаны. Бұл жолы өзінің жастайынан сыйынатын «пірі», ойлы өлеңдерінің тереңіне бойлап, ақындық қадамында темірқазығына айналған ғажайып ақын Жұмекен Нәжімеденовтың 90 жылдық мерейтойына арнайы келіп, ақын рухына тағзым етті. Мерекелік шарадан соң алдын ала келісілгеніндей, Индер ауданына бағыт түзеді. «Саржамбас болып, ұзақты күн үйде жата беруден жалыққан жоқсың ба, бірге сапарлап қайтайық»,-деп ұсыныс жасады. Сонымен сәлден соң «жазған құлда шаршау жоқ» деп студенттік шақты бірге өткізген досым Светқалимен әзіліміз жарасып, темір тұлпармен ұзын жолдың бойында жүйткіп бара жаттық. Осы сапарды ұйымдастырушы, әрі жолбасшымыз Индер аудандық «Дендер» газетінің редакторы, облыстық мәслихаттың депутаты Жанай Амантурлин екі күнге жоспарланған сапардың бағыт-бағдарын сызып, алдын ала даярлап қойған екен. Көлік жүргізушілері де жолда жүріп шыңдалған, жөн-жосықты білетін азаматтар екен. Сонымен Тума құмды кесіп өтіп, Нарын құмына сұғына ендік. Жолшыбай аты аңызға айналған әулиелердің басына барып, тәу еттік. Жермен жексен болып жатқан ескі қорымдардағы тас белгілерге көз суардық, біз емес, ескішеден хабары бар Светқали дос көне жазуларға үңіліп, сыр суыртпақтады. Құм жолы кім-кімді де сынайды. Бұрынғы жолдардың сорабын құм басып қалған. Жол талғамайтын көлігіміз де қызыл құмның құрсауына ілініп, қос «Пикап» бірін-бірін сүйреп, әзер шықты. Жолдан қиыс кетіп, аздап адасулар да болды. Жол болғасын бәрі де болады деп көңіл жұбаттық. Жолшыбай көріп, куә болған тарихи ескерткіштер, тарихта аты қалған батырлар мен билердің мәңгі дамылдаған жерлеріне барғандағы әсерлер туралы сұңғыла Светқали сапар ізін суытпай қаз-қалпында қалам тербеп, арғы-бергі тарихты таразылап, ФБ арқылы болса да оқырмандарды хабардар етіп үлгеріпті. Ондай терең қопарып жазған тарихи деректер ойлы оқырман үшін үлкен олжа болары сөзсіз. Комбайын орған алқапта масақ қалмайтынынын ескеріп, біз де Светқали сүрлеуіне түспеуге тырыстық. Шынында да, ел арасындағы: «анау Қыз әулиенің мазары, мынау бәленше бидің бейіті» деген сияқты ауызекі айта салғанымызбен олардың тым әрідегі тарихынан бейхабармыз. Ал, Светқали осы сапарында ғасырлар қойнауындағы бабалар тарихының бір ұшын шығарып кетті. Оны ары қарай майдан қыл суырғандай шым-шымдап шығару-кейінгі ұрпақтың еншісінде. Сонымен күн қас қарая біртүрлі сұстылау көрінетін өңкиген, өңкиген, өркеш-өркеш құм шағылдардан ат-көлігіміз аман шыққанына мың тәубе деп жолбасшымыз Жанайдың кіндік қаны тамған атакүлдігі-«Жыбырлақ шағылға» маңдай тіредік. Мұндағы ағайындыларға ортақ жеке шаруаны дөңгелентіп отырған Жанайдың қос інісі құрақ ұшып қарсы алды. Қызыл іңірдегі малды ауылдың әсем көрінісі еріксіз назар аудартады. 4-5 саулы інген биік қораны омыраулап, айналсоқтап жүр. Бұл күнде түйе түгілі сиыр саумайтын келіндер бары еске түсіп, мұндағы тірлікке іш жылып қалды. Шаруаға қажетті трактор тіркемесімен, қуатты жүк көлігі, жеңіл машина дегендерің есік алдында тізіліп тұр. Яғни, ешкімге тәуелді емес, қажетті мал азығын, отын суын осы жеке меншік техникаларының көмегімен жылы жарықта өздері дайындап алады деген сөз. Қос келін қонақтарға иіліп сәлем салып, аяқтарының ұшымен жүріп, дастархандарын жайды. Қараң-құраң бүлдіршіндер де қонақ келгенге қуанып, мәз-мәйрам масайрап жүр. Үйдің төрінде баяғы Аязбидің тымағындай марқұм әкелерінің иісі сіңген тон ілулі тұр. Бір байшыкештердің сәндік, бәлкім мақтаншылық үшін төрлеріне тісін ақситып, бітеу сойылған қасқырдың терісін іліп қойғанын көріп жүрміз. Ал, мына көріністің әсері басқаша… Сырт көз сыншы дегендей жанұялық жайлылық, үндестік, өзара түсіністік қалыптасқан.
Әңгіме арасында өмір бойы ақ атанға аяқ артып өткен малшы әкесі Исламғали аналары Қапиза туралы да сағынышқа толы естеліктермен бөлісті. Кіндігінен 6 ұл, 2 қыз тараған әкесі жарықтық: «балаларым, осы жерден ірге ажыратпаңдар, бұл киелі құт мекеніміз,» деп аманат қалдырған көрінеді. Ал, әке аманатын бұлжытпай орындап отырған ұрпақтарының шаруалары жайлы, жүздері жарқын. «Би бол, би болмасаң да би түсетін үй бол!» дегендей ешқашан еншілері бөлініп көрмеген ағайынды Амантурлиндердің киелі қара шаңырағынан көңіліміз марқайып аттандық. Құмның құланиек таңын қарсы алудың өзі бір ғанибет. Ертерек жолға қамданып, тысқа шыққанымызда іргеде тиіп тұрған түйелі керуендей іркес-тіркес құм шағылдарды көріп, өзімізді басқа бір әлемде жүргендей сезіндік. Сол шетсіз-шексіз құм патшалығында бір бейсауат ақ түйелі адамның сұлбасы көрінгендей елестеді. Бәлкім ол аманатын бұлжытпай орындап, атакүлдігіне ат байлаған ұлдарының тірлігіне риза , тілекші болып Қызыр атадай сырттарынан бақылап, алыстан орағытып, жер шолып жүрген Исламғали әкенің рухы шығар!.. «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде жер қайысқан қол едік» демеп пе еді Махамбет бабамыз. Ендеше, Исламғалидан туған алтының да айбыны мен айтары бар. Біздің соған көзіміз жетті. Келесі күнгі сапар Индер аудандық «Дендер» газеті редакциясындағы кездесумен басталды. Өмірі өгей баланың күйін кешіп, шетқақпай жүретін аудандық газет редакцияларының ішінде осы редакцияға аудан әкімі Дарын Шамұратовтың кезінде ерекше көңіл бөлініп, ішкі жабдығымен дербес қызметтік кеңсе бұйырған. Қашан да қолы ұсынақты Жанай редактор кабинеттерді қыздың жиған жүгіндей жұтындырып қойыпты. Газет шығармашылық ұжымының бастамасымен ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар, руханият мәселелерін талқылауға арналған «Ел болам десеңіз…» атты пікірталас клубы ашылған екен. Клуб мүшелері ел үстіне келген Светқали шайырмен кейбір көкейкесті мәселелер төңірегінде ой бөлісуді ұйғарыпты. Әсіресе, мынау алмағайып заманда ұлт тағдырына бей-жәй қарай алмайтын Ақмарал Досымбетова, Амантай Бағыт, Қоныс Жаналисов, Жания Науанова, Жанар Ибрашевалар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жолдап, Айтманның алдына «жүгінді». Кездесу соңында клуб мүшелерінің сұрауымен Айт Ман ақын Жұмекенге арналған «Сордағы із» атты поэмасынан үзінді оқыды. Түс ауа күн сәулесімен шағылысып, көзді қарықтыратын тұз айдындарын кемерлей жүріп, қалың жынысты тау арасындағы сайдың табанына түстік. Бұл да бір табиғаттың ғажайыбы демеске лаж жоқ. Таудың бүйірін тесіп шыққан бұлақ ирелеңдеп, өз арнасын тауып, тұзды көлге құйып жатыр. Бұл қайдан келген ағыл-тегіл су деп таң қалып, Жанай бастықтан сұрамаймыз ба? Білгеніміздей, осы таудың астында шөгіп жатқан мәңгілік мұз қабаты бар көрінеді. Алланың әмірімен бұлақ қысы-жазы бүлкілдеп ағады да жатады. Сайдың бойымен құлдилап, қыз әулиеге жеттік. Соқалармен, торлармен қоршалған белгі. Жағалай зиярат етушілердің байлаған ақтықтары ақ жаулықтай желбіреп тұр. Түнейтін адамдар қазан-ошақтарын да тастап кеткен. Жанында бұл Қыз әулие бейіті тарихи жәдігер ретінде мемлекет қорғауына алынғаны туралы белгі тақта орнатылып, онда Қыз әулие туралы аңыздар желісіндегі қысқаша деректер берілген. Қалай болғанда да қай ғасырда өмір сүрсе де тегін адам емес екенін бір ішкі түйсікпен сезінгендей болдық. Ал, емтихан билетінен жақсы білетін сұрағы келген баладай елпілдеп, Жанай жолбасшымыз алға түсіп жортады. Бұрындары бұл жер теңіз табаны болғанын түрлі жорамалдармен дәлелдеп бағады. Шынында да құжыр-құжыр шөгінді тастар, бөлекше жер рельефі өткен ғасырлардың суреттерін көз алдыңа әкеледі. Ал, сайдың табанында шашылған ұсақ тастарға жіті көз салсаң, талай інжу маржанға тап боласың. Тас деп тас емес, руда бөлшектері секілді. Сырғалар, алқалар, басқа да әшекейлік бұйымдардан аяқ сүрінеді. Жебе ұштары да кездесті. Бәрін қолмен ұстап көрдік. Қалта орамалымызға түйіп, көне ескерткіш көзі ретінде үйімізге алып кетуге оқталғанымызбен дүние танымы бөлек Светқали дос ұлықсат етпеді. Сол күні де біраз жерді шарладық. Әсіресе, айлапат үңгірлер ерекше назар аудартты. Теп-тегіс жер бетінде ойылып кеткен қазан шұңқырлар қарауытады. Жаугершілік замандарда қалың атты әскер паналаған, күні кешеге дейін аттылы кісі кіріп кететін үңгірлер болды, кәзір көздері жартылай бітеліп қалған,-дейді өлке тарихын қойдай өргізетін Жанай Исламғалиұлы. Сонымен екі күндік сапарды жолбасшымыз Жанайдың аудан орталығындағы қарағайдай үйінде отырып қорытындыладық. Дастархан басында да келелі әңгімелер өрістеді. Шаңырағында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп отырған іні дос Жанайдың да арқа-жарқа құрметіне, ер мінезіне , жалпы тірлігіне риза болған Светқали шайыр ақ батасын берді. Мұнда да ыстығы бет шарпитын берекелі, мерекелі шаңырақтың жылуын сезіндік. Құлдыраңдап атасын төңіректеген кішкентай бөбектер де бірінен-бірі тәтті. Ертеңіне елең-алаңда екі күн жарым жанына ілесіп, әлсіреген рухымызды тірілткен, көкірегімізге саумал нұр құйған Светқали доспен қимай қоштасып, ұшақпен Ақтауына аттандырдық. Қаншама жол жүріп, қаншама қарайған қауым басына арнайы бұрылып, дұға бағыштадық. Соның өзі адам жанын сергітеді екен. Бір түрлі өзімді кіші қажылық сапарынан оралғандай сезініп, кәдімгідей жеңілдеп қалдым. Өлең бар еді ғой…
Жақсымен бірге жүрген жарты күнің
Жаманның өтіп кеткен өміріндей!
Шіркін уақыт, шіркін дәурен!,- дейсің осындайда.
Нұрым ЕРҒАЛИЕВ