Қызылордада құтқарушылар марапатталды
Қызылордада 19-қазан – Құтқарушылар күні және Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Кеш барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Мадияр Мырзагелдиев облыстағы барша сала ардагерлері мен төтенше жағдай органдарының қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
– Қандай да бір апат, өрт жағдайында құтқарушылардың орасан ерлігі мен еңбегі қандай да құрметке ие. Өздеріңізге белгілі, осы жылы аймақта орын алған су тапшылығында да төтеншеліктер көмекке келгенін баса айту керек. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері қуаңшылықта өз техникаларын пайдалан отырып, егісті қуаңшылықтан сақтауға өз үлестерін аямады. Сіздер адал еңбектеріңіз мен үлгілі істеріңіз арқылы мемлекет пен қоғам алдында әрдайым құрметке ие болып келесіздер. Сын сағатта да біз өздеріңізге сенім артамыз. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды айтамын, – деді өз сөзінде Д.Жаналинов.
Шарада сала ардагерлері мен құтқару қызметінің өкілдері облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, қызметін мінсіз атқарған қызметкерлерге «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл» мерекелік медалі табысталды. Министрліктің Алғысы да берілді.
Салтанатты шараның соңы өңір өнерпаздарының және облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кетейік, кейінгі 30 жылда құтқарушылар көмегімен мыңдаған адамның өмірі құтқарылды. Жүздеген өрт сөндірілді. Ондаған ірі төтенше жағдайдың салдары жойылды. Ал жыл басынан бері облыс құтқарушылары 410 адамды құтқарып, 171 адамды эвакуациялаған. 248 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсеткен.
Фото: Қызылорда облыстық ТЖД