«Толқынға» 95 жыл: Арал шежіресін қаттаған басылым
Аймақ тарихындағы шежірелі басылымның бірі – Арал аудандық «Толқын» газеті. Биыл жарыққа шыққанына 95 жыл толған газеттің алғашқы атауы «Екпінді балықшы» болса, кейіннен «Социалистік Арал» деп те аталды.
Газет тұңғыш рет «Екпінді балықшы» атауымен 1930-1938 жылдар аралығында латын қарпімен басылыпты. Балықшылар арасына кеңінен тараған газеттің сол кездегі тиражы 2500-ден асқан. Социалистік жарыс ерекше екпін алған кезеңде оған еңбекшілерді жұмылдыру, халықты сауаттандыру және жаңа көзқараста тәрбие беруде бірқатар жұмыс атқарып, міндеттерді орындады.
Журналист Өмірбек Төлепов «Газеттің тұңғыш редакторы» деген мақаласында «Редакция екі бөлмелі, ортасын пешпен бөлген қазақы тамға орналасқан. Екі адамбыз, үшінші хатшы-машинистка. Баспахана байлардың жер астында балық сақтайтын орталық қоймасы. Механизм де нашар. Газетті лаждап шығарамыз. Барлығы да қолмен атқарылады. Шама келгенше сапалы болуына күш саламыз. 1930 жылы 1 қарашада «Екпінді балықшының» алғашқы нөмірінің шығуы ауданда үлкен мереке болып өткені әлі көз алдымда» деп тебіреніспен естелік жазған.
Ал 1938 жылдан бастап газет «Социалистік Арал» болып аталды. Ұлы Отан соғысына дейін 4 бет, соғыс жылдарында екі бет болып шықты. Оқырман арасына кең тарады.
«Социалистік Арал» газеті 1962 жылғы 3741-санынан кейін ауданаралық газеттердің жарыққа шығуына байланысты біршама уақыт өз қызметін тоқтатты. 3742-нөмірі араға үш жыл салып, 1965 жылғы тамыз айының басынан «Толқын» деген атпен өз оқырманымен қайта қауышты. Бұл туралы журналист Елеусіз Кенебаев былай деп жазады: «1965 жылдың шілде айы. Мен ол кезде КазГУ-дың журналистика факультетінің 3-курсын бітіріп, жазғы каникулға келіп жүр едім. «Аудандық газет қайтадан шығатын болыпты» деген хабарды естіп, қатты қуандым. Бірде газеттің редакторы болып тағайындалған М.Сәрсенов редакцияға қызметке шақырды. Ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісі болып орналастым. Газеттің аты «Толқын» болып аталды. Алғашқы нөмірі 1965 жылдың 1 тамыз күні шығатын болды. Оған қызу дайындалдық. Сол кездегі редактор орынбасары Ш.Дәрмағамбетов, жауапты секретары С.Ермағанбетов, әдеби қызметкер К.Өмірзақов бәріміз материалдар әзірледік. Алғашқы нөмірінің макетін М.Сәрсеновтің өзі жасады. Осы нөмірге «Толқынға» деген беташар өлең жаздым..»
Жалпы газет өз тарихында республикалық, одақтық байқауларға қатысып, әсем безендіріліп, мазмұнды шыққаны үшін талай рет жүлдегер атанды. Айталық, М.Ульянов атындағы бүкілодақтық конкурста Құрмет грамотасымен наградталды. Екі рет республикалық конкурстың жеңімпазы атанып, екінші және үшінші дәрежелі дипломға ие болды.
Ең бастысы, Арал проблемасы әлемдік мәселеге айналып, халқымыз экологиялық апаттың ауыртпалығын тарта бастағанда оқырманның жан серігі «Толқында» «Арал тағдыры – адам тағдыры», «Аралға араша», «Теңіз дабылы» деген айдармен үзбей мақалалар жарияланды. Арал тақырыбы, теңіз тағдыры басылымның өзекті мәселесіне айналған болатын.
Сарғайған парақтарында филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Қоңыратбаевтың қолтаңбасы қалған. Алғаш жарық көрген 1930 жылдардан бері қарайғы уақытта саяси-идеялық, материалдық-техникалық базасы жағынан да толығып, өсу-өркендеу, өрлеу жолынан өтті.
Тарихы ғасырға жуықтаған газеттің редакторлары қатарында Ә.Қоңыратбаевтан бөлек, Тойбазар Елемесов, Опа Алпанов, Әбдіраман Байтақанов, Қалас Сәрсенбаев, Әбсадық Жанзақов, Қуандық Қарабалин, Төлепберген Нұржанов, Жұмағали Елеуов, Жүгініс Шәукебаев, Тәжімағанбет Тәжіков, Мәлік Сәрсенов, Сағынжан Ермағанбетов, Еркін Әбілов, Жұматәлі Әбдіраман, Жұмабай Жақып, Шымкентбай Жылмағанбетов, Абай Елешов бар.
«Толқында» Арал перзенттері қаламын ұштап, әдебиет әлеміне қанат қақты. Редакция жанындағы әдеби бірлестік жұмыс істеді. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Ә.Нұрпейісов, қайсар қаламгер З.Шүкіров, ақын-жазушылар мен танымал журналистер М.Қаназ, А.Мархабаев, Ж.Түменбаев, Ж.Әбдірашев, Ш.Сариев, Қ.Жиенбай, М.Шыбынтаев, Ә.Аймағамбетов, Е.Кенебаев, Б.Тәжімбетов және басқалардың алғашқы туындылары осында жарияланды. Бір сөзбен айтқанда, газет редакциясы жас қаламгерлерге ыстық ұя болды.
Айта кетейік, 2014 жылы «Сыр медиа» ЖШС құрамына кіргелі «Толқынның» екінші тынысы ашылып, өзгеше сипатқа енді. Техникалық базасы нығайып, тілшілер қосынына айналған ғимараттың іші-сырты қайта жөнделді. Қызметкерлерге жан-жақты қолайлы жағдай істеліп, ынталандырып отырды.
Аудандық газет Аралдағы қалың оқырман мен ақпарат, әдебиет әлемі арасындағы көпір іспеттес. Бүгінде бас редактор Айдар Сайлауов жетекшілік ететін «Толқын» газетінінің тілшілері де жасарған. Бас редактордың орынбасары Абай Елеш, Оңталап Жолдасов, Назерке Бақыран, Айсәуле Нұрланова, Гүлмарал Сақтапова сынды журналистер үнемі ел арасында жүреді. Ауыл шаруашылығы саласындағы тың бастамаларды насихаттап, кәсіпкерліктің өркен жайғанын, аудан экономикасының алға басқанын дер кезінде қалам ұшында сөйлетіп жүр. Сондай-ақ редакцияда заман ағымына сай сайт жұмысы да қарқынды жүргізіліп келеді. Бұдан өзге редакция жанындағы пошта тасымалдаушы қызметі газет шыққан күннің ертесіне-ақ ойлы оқырманның қолына тигізуге асығып тұрады.
Иә, аудан өмірінің тірі куәсі, тарихи шежіресі болған «Толқын» газеті бұқара ойындағысын дөп басып, оқырманымен бірге жасасып келеді. 95 жылдық белеске жеткен басылымның әлі де берері мол. Өйткені, редакция көтерген талай мәселе қоғамда қозғау салып, өзекті проблемалардың шешілуіне өзіндік үлес қосары анық.
Деректерді дайындаған
Ержан ҚОЖАС,
Фото: Редакция архиві












