БҚО-да жол апатынан 8 адам қайтыс болды
Батыс Қазақстан облысында болған жол апаты салдарынан сегіз адам көз жұмды. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Оқиға 17 қарашада Чапаево–Жаңғала–Сайқын бағытындағы тасжолда, Қызылоба ауылының маңында тіркелген. Полиция мәліметінше, трассада Toyota Camry мен Volkswagen Sharan көліктері соқтығысып, соның нәтижесінде автокөліктердің бірі өртеніп кеткен.
Қайғылы оқиға орнында сегіз адам қаза тауып, тағы төрт адам жарақат алған. Зардап шеккендер жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.













