Елде 300 мың астам адам жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алады
Қазақстанда жұмыссыздық бойынша төлем алушылар саны 300 мыңнан асты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша МӘСҚ арқылы жұмыссыздыққа байланысты әлеуметтік төлемдер алып отырғандар саны 308,4 мың адамды құраған.
Министрлік мәліметі бойынша, олардың 268,6 мыңы биыл алғаш рет жәрдемақы тағайындатқан. Жыл басынан бері төленген жалпы сома 106,8 млрд теңгеге жеткен. Салыстыру үшін, 2024 жылы МӘСҚ-тен түрлі әлеуметтік төлемдерді жалпы 1,4 млн қазақстандық алған.
Жұмыссыздық бойынша төлемнің ұзақтығы 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Оның мөлшері жоғалған табыстың 45%-ына дейін жетуі мүмкін. Нақты көлемі азаматтың еңбек өтілі мен соңғы екі жылдағы орташа табысына байланысты есептеледі.












