Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстанның халықаралық білім хабына айналу перспективасы талқыланды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2029 жылға дейін шетелдік студенттер санын айтарлықтай арттыру жоспары бар екенін мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазір елімізде 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр, бұл — бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. «Бүгінгі күні елімізге 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр. Бұл – біздің тарихи рекордымыз. Алғаш рет оқу жылында Азиядан келген студенттер саны ТМД-дан келген студенттерден асып кетті. Енді президентіміз үлкен мақсат қойып отыр. Министрліктің алдында 2029 жылға дейін 100 мың шетелдік студентті оқыту деген мақсат тұр», — деп атап өтті министр.
Сонымен қатар Саясат Нұрбек 2026 жылдан бастап Алматыда Arizona State University-мен бірлесіп халықаралық InnoTech университеті ашылатынын хабарлады. Бұл оқу орнында инженерия, IT, кәсіпкерлік және жасанды интеллект салалары бойынша мамандар дайындалады.