Кеше Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында ұлы ойшыл, ақын, философ Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай «Абай» операсының премьерасы өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Премьераға облыс әкімінің орынбасарлары Д.Жаналинов, М.Шермағанбет, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар, БАҚ өкілдері және бірқатар белсенді азаматтар мен қала тұрғындары қатысты.

Таңғажайып туынды сырбойылық көрерменмен қайта қауышты. Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің айтулы операсы тек махаббат, жақсы мен жаманның айқасын бейнелеген қойылым ғана емес, қазақ халқының жан дүниесінің алуандығы мен тереңдігін көрсететін, көшпелі өмірдің бірегей салты мен философиясын паш ететін тағылымды шығарма.

Операны сахналауда халық жанашырының іс-әрекеттерін, оның ой тереңдігін, сөз өткірлігін, тіл шеберлігін, азамат ретіндегі беделін филармония әртістері негізгі қалпын сақтап, асқан шеберлікпен көрермен қауымға жеткізді.

Ерекше классика кешін халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Рустам Рысмағамбетовтың дирижерлік етуімен облыстық симфония оркестрі сүйемелдеді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе. Тұтас сахналанған операға Аралас хор ұжымы (көркемдік жетекшісі – Арайлым Қуаныш), «Томирис» би ансамблі (көркемдік жетекшісі – Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты М.Тойбазарова), «Ai-Aru» заманауи би ансамблі (көркемдік жетекшісі – Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Замира Стықбаева), «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясы (көркемдік жетекшісі – Қ. Боранбаев) және бірқатар филармония солистері қатысып, көрерменге маңызы терең, философияға толы мәдени демалыс сыйлады.

Ал операның қоюшы режиссері – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Азиза Іздіқұлова.

Абай өмірі, шығармашылығы мен оны тұлға ретінде айшықтауға арналған бұл туынды ұлттық рухты оятатын, қоғамды бірігу мен бірлікке бастайтын зор қозғаушы күшке ие десек болады. Әрі ақын шығармашылығын, оның ғұмырнамалық, мәдени-рухани мұраларын қандай формада, сан-алуан үлгіде болмасын насихаттау – қазіргі қазақ руханияты үшін аса қажет-ақ.

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *